Сирия мен Ирактағы лагерьлерде 60 мыңға жуық азамат тұтқында отыр - БҰҰ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Біздің есебімізге сай, Сирияның солтүстік-шығысы мен Ирактағы лагерьлерде 55-60 мыңға жуық азамат тұтқында отыр. Бұл туралы Өзбекстан астанасында өткен ұрыс аймағынан қайтарылғандарды оңалту жөніндегі өңірлік сарапшылар кеңесінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронков мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Сирия мен Ирактағы лагерьлерде 60 мыңға жуық азамат тұтқында
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Кеңестің алғашқы отырысына мемлекеттік орган басшылары, сарапшылар мен оңалту бағдарламасын жүзеге асырып жатқан психологтар қатысты.

Қазақстандық делегацияны Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов бастап келді. Ол өз сөзінде халықаралық ұйымдармен бірлесе жүргізілген «Жусан» операциясының маңызына тоқталды. Оның аясында Қазақстанға 180 әйел, 500-ден астам бала мен 37 ер адам қайтарылды. Жетім қалған 34 бүлдіршін жақындарымен қауышты.

Сирия мен Ирактағы лагерьлерде 60 мыңға жуық азамат тұтқында
Фото: Kazinform/Әлихан Асқар

Мамандардың дерегінше, Қазақстанда әйелдер мен балаларды оңалту, азаматтығын қалпына келтіру және құқықтық көмек көрсету мәселелері жүйелі жолға қойылған.

«Бүгінгі таңда АҚШ, Еуропа елдері және Орталық Азияның қолға алған оңалту бағдарламасының нәтижесі өте зор деп айтуға болады. Қазір ол әйелдер мен балалардан қоғамға және мемлекетке еш қауп жоқ деп айтуға негіз бар. Бүкіл балалар ата-әжелері тарапынан қамқорлыққа алынды. Ол бүлдіршіндер мектепте оқиды. Басты миссия - бала мен әйелді бір-бірнен айырмау, жетімдер үйіне бермеу», - деді қазақстандық психолог, Сириядан оралған әйелдерді оңалту бағдарламасының ұлттық сарапшысы Гүлназ Раздықова.

Сирия мен Ирактағы лагерьлерде 60 мыңға жуық азамат тұтқында
Фото: Kazinform

Сондай-ақ, басқосуда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Лаңкестікке қарсы басқармасының басшысы Владимир Воронков әлі де ұрыс аймақтарында әлем елдерінің көптеген азаматы қалып отырғанын айтты.

«Өкінішке қарай, Сирияның солтүстік-шығысы мен Ирактағы лагерьлерде қаншама елдің азаматы тұтқында отыр. Біздің есебімізге сай, олардың саны 55-60 мыңға жетеді. Бірінші кезекте әйелдер мен балалар жайлы айтып отырмыз. Оларды елдеріне қайтару және қалыпты өмірге бейімдеу тұрғысында атқарылатын жұмыс көп. Осы тұрғыда Орталық Азия елдерінің тәжірибесі аса маңызды», - деп тоқталды Владимир Воронков.

Сирия мен Ирактағы лагерьлерде 60 мыңға жуық азамат тұтқында
Фото: Kazinform

Бұған қоса сарапшылар «Жусан» сияқты гуманитарлық операцияны Орталық Азияның өзге де мемлекеттері жүргізгенін атап өтті. Мәселен, Өзбекстан қақтығыс аймақтарынан - 531, Қырғызстан - 511 және Тәжікстан 381 азаматын қауіпсіз жерге көшірген.

 

Соңғы жаңалықтар