Сирия: оппозиция тәртіпті қалай қалпына келтірмек

АСТАНА. KAZINFORM - Башар Асадтың тақтан тайғаны туралы жаңалықты Дамашық көшелерінде де, әлемнің өзге елдеріндегі сириялық қоғамдастықтарда да халық бөркін аспанға ата қарсы алды. Дейтұрғанмен, Хайят Тахрир аш-Шам (ХТШ) көтерілісшілері (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) ел тізгінін ұстаған соң ендігі ахуалдың қалай қалыптасатынына болжам айту қиын, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі. 

сирия
Фото: AlJazeera.net

Сириялық және халықаралық БАҚ-тың хабарлауынша, дүйсенбі күні Дамашықта оппозицияның саяси департаменті мен шетелдік дипломатиялық миссиялар арасында дүркін-дүркін кездесу өтті. 

Кездесулерде Сирияның саяси болашағы мен қауіпсіздік мәселесі, сондай-ақ босқындардың елге оралуы үшін қолайлы жағдай жасау мен бейбітшілікті нығайту жолдары талқыланды. 

Оппозиция өздерінің мақсаты қоғамдағы татулық, әділдік ұстанымдарының және Сирияның халықаралық қатынастарының нығаюы екенін мәлімдеді. Олар елдегі билікті қолға алған соң жағдайды тұрақтандыруға барын салып жатқанын айтты. 

— Біздің қарулы күштер ел астанасын толықтай бақылауға алуды аяқтап қалды. Жаңа үкімет әлі жасақталған жоқ, ол құрылған соң бірден жұмысқа кіріседі, - деп мәлімдеді дүйсенбі күні Асад режимін құлатқан ұйымның басқарушы органы — Әскери операциялар департаменті. 

Бұған дейін Әскери операциялар департаменті тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау, мемлекеттік меншіктің қауіпсіздігін сақтау үшін бірқатар жаңа шаралар қолға алынғанын жариялаған. Оған сай, қоғамдық тәртіпті бұзғандар мен қылмыс жасағандарға қандай жаза тағайындалатыны айқындалған: 

— абайсызда оқ атқан адам 1 жыл бас бостандығынан айырылады;

— мемлекет мүлкін, көлік құралдарын немесе құрал-жабдықтарды ұрлаған адам 4 жыл бас бостандығынан айырылады;

— жеке меншікке қол сұққан адам 4 жыл бас бостандығынан айырылады; 

— мемлекетке тиесілі қаруды жаңа билік органдарына бермей сақтаған адам 4 жыл бас бостандығынан айырылады. 

Сирия оппозициясының қауіпсіздік күштері мен полициясы қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттік институттарды күшейту үшін дүйсенбі күні Дамашықта жұмысын үдете бастады. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дамашықта сағат 16:00-ден 05:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді.

AlArabiya-ның хабарлауынша, Сирияның Орталық банкі жергілікті банктердегі тұрғындардың жинағына еш қауіп жоғын мәлімдеген. Сондай-ақ сейсенбіде елдің Орталық банкі мен екінші деңгейлі банктер жұмысын жандандырмақ. 

Дүйсенбі күні сириялық көтерілісшілер Асад билігі кезінде әскерге алынған барлық әскери қызметшілерге рақымшылық жасайтынын мәлімдеді.

– Әскери операциялар департаменті міндетті қызметке шақырылған барлық сарбаздарға жалпылай рақымшылық жариялайды. Олардың өміріне еш қауіп төнбейтініне кепілдік берілген, - делінген хабарламада. 

Оппозиция берген уәде

Оппозицияның Саяси мәселелер департаменті өкілі әл-Жазираға берген сұхбатында бірқатар мәлімдемелер жасады. Атап айтқанда ендігі билік сириялық босқындарды елге қайтару үшін жағдай жасауға және оларға қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге күш салатынын айтты. Ол босып кетуге мәжбүр болған сириялықтарды қайта оралуға және елді аяғынан тұрғызуға үлес қосуға шақырды.

Ендігі кезеңде елде әділдік пен теңдікке негізделген жалпықоғамдық татулық пен түсінушілік орнауы тиіс. Саяси мәселелер департаменті өкілінің айтуынша, олар адамдардың мүддесін қорғайтын институттар мен әділдік пен тәртіпті қамтамасыз ететін мемлекет құру жолында жұмыстарды атқарып жатыр. 

Сондай-ақ ол Сирия өзара құрмет негізінде барлық елдермен қарым-қатынасын нығайтуды көздеп отырғанын айтты. 

Көтерілісшілер елде әйелдерге қандай да бір дресс-код телінбейтінін, әр адамның жеке еркіндігі қамтамасыз етілетінін, жеке тұлғаның құқығын құрметтеу өркениетті ел құрудың негізі болатынын атап өткен. 

Буферлік аймақтағы Израиль

Осы орайда Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Сириядағы өздері «химиялық қоймалар мен зымырандар орналасқан» деп таныған нысандарды атқылағандарын мәлімдеді. Олар бұл қадамға қарулар экстремистік ұйымдардың қолына түсуіне жол бермес үшін барған. 

Израиль қарулы күштері соңғы сағаттарда ӘӘК Сириядағы әскери нысандарына 150-ден астам әуе шабуылын жасағанын мәлімдеді. 

Бұған дейін Израиль Сириямен шекарада орналасқан Голан биігіндегі буферлік аймаққа әскерін жіберді. 

Одан соң Израиль әскері Голан сыртындағы Сирия аумағына кірді. 

Олардың пікірінше, Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад елден кеткен соң бұл аймақта тұрақсыздықтың күшеюі мүмкін деген қауіпке байланысты Израиль әскері Голанның сыртына қайта орналастырылды.

Соңғы жаңалықтар