Сирия президенті қанша жылғы санкциялардан кейін алғаш рет кофеге Visa картасымен төледі

АСТАНА.KAZINFORM — Сирия халықаралық шектеулер алынып тасталғаннан кейін жаһандық қаржы жүйесіне оралу жолындағы алғашқы қадамдарын жасап жатыр. 

Сирия президенті қанша жылғы санкциялардан кейін алғаш рет кофеге Visa картасымен төледі
Фото: SANA

Сирия президенті Ахмед аш-Шараа сәрсенбі күні Дамаскідегі жиында кофеге төлем жасау үшін Visa картасын пайдаланды. Транзакция елдің Орталық банкінің басшысы Мохаммед Сафват Расланның қатысуымен жүргізілді.

Сирия билігі жариялаған кадрларда президенттің кофе үшін төлем терминалында банк картасын ұсынып жатқаны көрсетілген.

Қоса берілген видеода Сирияда 15 жылдан астам уақыт бойы мұндай халықаралық транзакциялар жасау мүмкін болмағаны аталып өтеді.

Visa бейсенбі күні Сирияда халықаралық карта транзакциясын сынақтан сәтті өткізгенін растады. Visa сынақ операциясын Ливанның Fransabank және Сирияның төлем қызметтері операторы Paymera-мен бірлесіп жүргізді.

Visa мәліметі бойынша, халықаралық операциялардың басталуы шетелдік азаматтарға Сирияда банк карталарын пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ цифрлық төлемдерді және елдің әлемдік экономикаға интеграциялануын ілгерілетеді.

63-ші Дамаск халықаралық жәрмеңкесінің ашылуында сөйлеген сөзінде Ахмед аш-Шараа санкциялар алынғаннан кейін Сирия қалпына келу мен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып жатқанын мәлімдеді. Ол Дамаск елдің сауда дәлізі және Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық байланыс ретіндегі рөлін қалпына келтіруге үміттенетінін де айтты.

Бұл жағдай АҚШ Мемлекеттік департаментінің Сирияны 1979 жылдан бері келе жатқан терроризмді қолдаушы мемлекеттер тізімінен алып тастау туралы шешімінен кейін болды.

Шешім дүйсенбі күні, АҚШ Конгресінде 45 күндік шолу кезеңі аяқталғаннан кейін күшіне енді.

Бұдан былай америкалық қаржы институттарына сириялық клиенттерге қызмет көрсетуге, елдің банктерімен мәміле жасауға және олармен корреспонденттік қарым-қатынас орнатуға рұқсат етілген.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, бұл шаралар Сирияға инвестициялар тартып, елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға көмектесуі тиіс.

АҚШ-тың Сирияға қарсы санкцияларының көпшілігі бұрын алынып тасталған. Мәселен, Сирияға қарсы ең қатаң екінші реттік санкциялар енгізген «Акт Цезаря» 2025 жылдың желтоқсанында күшін жойды.

Алайда, бұрынғы Сирия үкіметінің мүшелеріне, адам құқықтарын бұзды деп айыпталған жеке тұлғаларға және каптагон саудасына қатысушыларға қарсы жеке санкциялар әлі де күшінде.

Бұған дейін АҚШ Сирияны «терроризмді қолдайтын елдер» тізімінен шығарған болатын.