Сирия жаңа валютасын айналымға енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Сирия Орталық банкінің төрағасы Абдулкадир әл-Хасрия жаңа сириялық валютаның шығарылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu хабарлады.

Сирия, ұлттық валюта
Фото: Anadolu

Әлеуметтік желідегі жазбасында Сирия Орталық банкінің басшысы әл-Хасрия жаңа валютаны айналымға енгізу туралы жарлықтың жарияланғанын айтты.

Әл-Хасрияның айтуынша, жаңа валюта — жаңа экономикалық және валюталық кезеңнің басталуын айқындайтын маңызды ұлттық оқиға.

— Жаңа сириялық валюта азат етілгеннен кейінгі қаржылық тәуелсіздігіміздің символы саналады және Сирия Орталық банкінің басшылығымен барлығының ынтымақтастығы негізінде құрылған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Бұл — азат етілгеннен кейін қол жеткізілген жетістіктерге қосылатын ұлттық табыс әрі тұрақтылық пен экономикалық қалпына келу жолындағы нық қадам, — деп атап өтті Сирия Орталық банкінің төрағасы.

Оның айтуынша, жаңа валютаға қатысты толық мәліметтер 28 желтоқсанда өтетін отырыста жарияланады.

Айта кетейік, Сирия 14 жылдан кейін Жерорта теңізі одағына оралғанын жаздық.

Сондай-ақ ел халқы Асад режимінің құлағанына бір жыл толғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар