Сирияда «Ашу-ыза күні» 60-тан астам адам қаза тапты

Бұл туралы Associated Press агенттігі жергілікті құқық қорғаушы ұйымдарға сілтеме жасап хабарлап отыр. Әзірге бұл ақпаратты басқа дереккөздер қуаттаған жоқ, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Кеше Сирия оппозициясы бүкіл ел бойынша «Ашу-ыза күні» деген атаумен наразылық шараларын ұйымдастырған болатын. Халыққа үндеу Facebook әлеуметтік желісі арқылы тасталған. Наразылық шерулерінің ошағы елдің оңтүстік-солтүстігіндегі Дераа қаласында болды, Сириядағы үкіметке қарсы алғашқы шерулер наурыз айында осы қалада басталған еді. Рұқсат етілмеген кешегі наразылық шараларын басу үшін, Сирия өкіметі ол қалаға мұздай қаруланған армия бөлімдерін жіберді.
Сирияның үлкен қалаларында осымен бірнеше апта бойы оппозициялық шерулер жалғасуда. Бұқара халық «Баас» партиясы мен оның басшысы, Сирия Президенті Б.Асадтың саяси диктатурасына наразылық білдіруде. Ел өкіметі оппозицияның талаптарын орындап, соңғы 48 жыл бойы сақталып келген төтенше жағдайдың күшін тоқтатқан болатын. Бірақ наразылық шерулері тоқтамай тұр: халық қоғамдық-саяси өмірді ырықтандыруды, «Баас» партиясының билік басындағы монополиясын тоқтатуды талап етуде. Кейбір мәліметтер бойынша, халық толқуы басталғаннан бері 500-ден астам адам тәртіпсіздік құрбаны болған.