Сирияда Башар Асад кеткеннен кейін алғаш рет парламенттік сайлау өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Дауыс беру 15-20 қыркүйек аралығында өтеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Сирия биыл қыркүйекте Башар Асад режимі құлағаннан кейінгі алғашқы парламенттік сайлауды өткізуге ниетті. Бұл туралы Жоғарғы сайлау комитетінің төрағасы Мұхаммад Таха әл-Ахмад президент Ахмад аш-Шараамен кездесуінің қорытындысы бойынша мәлімдеді, деп хабарлайды SANA.
Кездесу барысында Сирия қоғамы түрлі секторларының өкілдерімен кеңесу негізінде дайындалған уақытша сайлау заңына енгізілген негізгі түзетулер талқыланды. Президент аш-Шаара дауыс беруді бүкіл елде өткізу қажеттігін атап өтіп, аумақтық бөлінудің кез келген идеясын жоққа шығарып, мұның Сирия халқының еркіне қайшы екенін мәлімдеді.
— Сайлау процесі әскери қылмыскерлерді қолдаған немесе конфессияаралық алауыздықты қоздыруға үлес қосқан адамдарды шығаруы керек, — деп атап өтті әл-Ахмад.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, Халық жиналысындағы (парламент) депутаттардың жалпы саны 150-ден 210-ға дейін артады. Оның 70-ін президент тағайындайды, ал қалған 140-ы сайланады.
— 70 депутаттық президент квотасы жоғары білікті мамандарды тартуға және мүмкін болатын теңгерімсіздіктердің орнын толтыруға жұмсалады, — деп нақтылады комитет басшысы.
Мандаттарды провинциялар арасында бөлу 2011 жылғы халық санағы негізінде жүзеге асырылады. Орындар провинциялар арасында халық санына сәйкес бөлінеді және жергілікті қауымдастық пен зиялы қауым өкілдері үшін округтер бойынша жіктеледі.
Әл-Ахмад түсіндіргендей, қазіргі дауыс беру үлгісі өтпелі кезеңнің ерекше жағдайларына бейімделген ашық және функционалды сайлау элементтерін біріктіреді.
Президент уақытша сайлау жүйесі туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін Жоғарғы сайлау комитетіне кіші комиссияларды құру үшін бір апта уақыт қажет, содан кейін олар сайлау органдарын құру үшін 15 күн уақыт қажет болады.