Сириядағы парламенттік сайлаудың қорытындысы жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Сирияда өткен жылдың аяғында Башар Асад биліктен кеткеннен кейін өткізілген алғашқы парламенттік сайлаудың қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды ВВС.

Объявлены результаты парламентских выборов в Сирии: в новый состав вошли шесть женщин
Фото: Anadolu

Жанама сайлау барысында Халық жиналысының барлық 210 мүшесі сайланады – сайлау алқалары үштен екісін (140 мүше) таңдайды, ал қалған мүшелерді уақытша президент Ахмед аш-Шараа тағайындайды.

Билік қауіпсіздік пен саяси себептерді алға тартып үш провинция, соның ішінде күрдтер бақылауындағы Ракка мен Хассакеде, сондай-ақ үкімет күштері мен друз жасақтары арасындағы қанды қақтығыс болған Сувейдада дауыс беруді кейінге қалдырды.

Ақыры демалыс күнгі дауыс беру кезінде парламенттің 119 депутаты сайланып, Халық жиналысындағы 21 орын бос қалды. Сирия басшысы осы аптада тағы 70 мүшені тағайындауды жоспарлап отыр.

Жаңа парламент құрамына алты әйел кірді. Жергілікті сайлау комиссиясы бұған дейін 1500-ден астам кандидаттың 14 пайызын әйелдер құрайтынын мәлімдеген.

Он орынды діни және этникалық азшылықтардың өкілдері алды – олардың арасында күрдтер, христиандар және екі алавит бар.

Сайлау комиссиясының өкілі Навар Неджменің баспасөз мәслихатында сайланған 119 мүшенің тек 4 пайызы ғана әйелдер екенін мәлімдеп, бұл сан «Сирия қоғамындағы әйелдердің мәртебесін және олардың саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдегі рөлін көрсетпейтінін» атап өтті.

Ол сондай-ақ жеңімпаздар арасында тек екі христиан болғанын айтып, «Сириядағы христиандардың үлесін ескере отырып, олардың өкілдігін әлсіз» деп атады.

Неджменің айтуынша, Сирия басшысы тағайындауы тиіс кандидат сириялық қоғамның белгілі бір бөлігінің жеткіліксіз өкілдігінің орнын толтыруы мүмкін, бірақ ол парламентшілерге арналған кез келген квота жүйесін жоққа шығарды.

Парламенттің жаңа құрамы тұрақты конституция қабылданып, жалпыхалықтық сайлау өткізілгенге дейін қызмет етеді деп шамаланып отыр.

Бұған дейін Сирияда Башар Асад биліктен кеткеннен кейінгі алғашқы парламенттік сайлау өткенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ Сирия соты бұрынғы президент Башар Асадты қамауға алуға ордер бергенін жаздық.