Сириядағы жер сілкінісінде үйінді астынан құтқарылған нәрестенің қазіргі жағдайы қалай

ДЖИНДАЙРИС. ҚазАқпарат – Құтқарушылар осы жылдың ақпанында қираған үйдің үйінділері арасынан құтқарған жаңа туған нәресте Афраның ғажайып оқиғасы әлемдегі көптеген адамның жүрегінен жол тапты. Сәби үйінді астында дүниеге келіп, баласын өмірге әкелген бойда қаза тапқан анасынан кіндігі де ажырамаған болатын. Ол сәбидің қазір қайда екенін ҚазАқпарат материалынан оқи аласыздар.

Сириядағы жер сілкінісінде үйінді астынан құтқарылған нәрестенің қазіргі жағдайы қалай

Афра қазір алты айлық және ол – ерекше бақытты және дені сау сәби.

BBC News мәліметінше, оны апасы мен көкесі өзінің жеті баласымен бірге Сирияның Джиндайрис қаласында тәрбиелеп жатыр.

Көкесі Халиль аль-Савадидің айтуынша, сәби әлі кіп-кішкентай, бірақ қазірдің өзінде әкесін еске салады, әсіресе күлкісі ұқсайды.

6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде 44 мыңнан астам адам қаза тапқан жойқын жер сілкінісі болды. Джиндайристегі жойқын жер сілкінісінен кейін бірден Афраның анасы толғата бастаған, ал қыз үйінің қираған үйінділері астында дүниеге келді. Сәбидің анасы, өкінішке қарай, құтқарушылар оларды тапқанға дейін қайтыс болған.

ҚазАқпарат сәбидің отбасы мүшелері арасында жалғыз өзі тірі қалғанын хабарлаған болатын. Оның әкесі, төрт ағасы мен әпкесі анасымен бірге қаза тапқан.

Афраның құтқарылған видеосы әлеуметтік желіде жарияланып, тез тарады. Сәбиді ауруханаға жеткізіп, оған Ая есімін берген.

Бұл араб тілінен аударғанда «ғажап» деген мағынан білдіреді.

Ауруханаға түскенде қыздың денесі кедір-бұдыр және көгеріп қалған еді, ал тыныс алу жолдарында үйінді шаңының салдарынан проблема болған. Ал, қазір қыздың денсаулығы 100% жақсы.

Афраа ауруханада жатқанда әлемдегі мыңдаған адам асырап алуды ұсынған, сондықтан Халил мен оның жұбайы Хала өздерінің туыс екенін дәлелдеуіне тура келді. Хала ДНҚ тестін тапсырып, 10 күн күтті.

Афраның оқиғасы бәрінің қызығушылығын тудырғандықтан, Халил мен оның отбасы қызды біреу ұрлап әкетіп қалады деп алаңдаған. Олар аурухана ғимаратынан шықпай, қызды күні-түні күзеткен.

ДНҚ анализ нәтижесі Халаның туыс екенін растады – ол Афраның әкесінің әпкесі. Қызды ауруханадан шығарып алып, оған анасының құрметіне Афраа деген есім берген.

Халил Афраа өскенде оған не болғанын айтып, отбасының суреттерін көрсетуге уәде берді.

Қазір отбасы үй жалдап тұрады, себебі олардың үйі жер сілкінісінен кейін қауіпті.

Біреу оның отбасына БАӘ-ге немесе Ұлыбританияға көшуге көмек ұсынған, бірақ Халил бас тартқан.

«Шынымды айтсам, мен әлі Афраны әкетіп қалады деп алаңдаймын», - дейді Халил.

БҰҰ мәліметінше, Сирияның солтүстік-батысында ақпанда болған жер сілкінісінен 4500-ге жуық адам қаза тапқан.