Сирияға азаматтардың аттануының себептеріне мән беру керек - Ерлан Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирияға кетіп жатқан азаматтар кейін Қазақстанға оралғанда қауіп төндіруі ықтимал. Бүгін Астанада экстремизм мен лаңкестікке қарсы әрекет жөніндегі дөңгелек үстелде саясаттанушы Ерлан Қарин осылай мәлім етті.
None
None

«Сондықтан бұл азаматтар не үшін кетіп жатыр және оларды осыған қандай факторлар итермелеп жатыр? Неге бұл азаматтар өз елдеріндегі өмірді тастап, отбасыларымен басқа әрі түсініксіз, сондай-ақ бізге қажет емес құндылықтар үшін құрбандыққа салынуда? Әрине, бұл елге кетіп жатқан азаматтар кейін Қазақстанға оралғанда қауіп төндіруі ықтимал. Бұл тұрғыда Сирияға кетіп жатқан азаматтардың себептерін анықтау керек. Кейбірі саналы түрде қарулы қақтығысқа қатысу үшін барса, кейбірі алданып түсіп қалады, қалғаны басқа себептермен аттанып жатқандығы сөз болуда», - деді Е. Қарин.

«Өкінішке қарай, Сирияға азаматтар барып жатқаны рас. Бірақ, бұл тақырыпта жалған ақпараттарды елеп-екшеу керек. Біреулер асырып, ешқандай нақты деректерге жүгінбестен Қазақстаннан 500 азамат барды деп айтуда. Бұлай еш дәйексіз зерттеу жүргізбей, ақпаратты тарату орынсыз», - деп тоқталды сарапшы.

Саясаттанушының сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта шын мәнісінде Сирияда ешқандай да азаматтық соғыс емес, яғни бір елдің аумағын әр түрлі қарулы топтар өзара бөліп алып, бір-бірімен қақтығысып жатыр. «Атап айтқанда, бұл жерде үкімет әскері мен оппозициялық күштер соғысып жатқан майдан жоқ. Бұл жағдайдың қалыптасуына сыртқы күштер әсер етті, нақтырақ айтқанда алып мемлекеттердің Сириядағы ішкі қақатығысқа араласуынан пайда болды», - деді Е. Қарин.

Оның пайымынша, кейбір Батыс және көршілес елдер Сириядағы түрлі қарулы радикалды топтарға қолдау жасауда.

«Басқа елдерден, оның ішінде ТМД және Орталық Азиядан аталған мемлекетке барып жатқан азаматтар ең соңында осы әр түрлі топтардың құрамына еніп, шын мәнісінде өзара соғысып жатыр. Бұл топтардың арасындағы қақтығыстың негізгі себебіне тоқталатын болсақ, онда жаулап алған елді мекендерде бақылау орнату, қаржы көзіне және соғыс кезінде иелік еткен олжаны басып қалуға байланысты», - деді саясаттанушы.

Соңғы жаңалықтар