Сирияға барған бітімгер: Жергілікті халықтың бір-ақ арманы бар – тыныштық
АСТАНА. KAZINFORM – Бір жыл бұрын бір топ (139 әскери қызметші) қазақстандық бітімгер Сирияға аттанды. Олардың арасында төрт нәзік жан бар. Соның бірі – Алматы қаласы бітімгерлік орталығының санитар-нұсқаушысы Ардақ Күртебаева. Бір жыл бітімгерлік миссиясын орындап келген әскери қызметшіні әңгімеге тартқан едік.

- Әрине, Сирияға барар алдында қорқыныш болды, бірақ мен қайда бара жатқанымды білдім. Бітімгерлік міндетіме, БҰҰ жарғысына сәйкес, гендерлік саясат тақырыбында сабақ өткізу кірді. Оның ішінде зорлық-зомбылық, әйелдердің құқығын қорғау мәселелері бар. БҰҰ-ның бітімгерлікке әйелдерді көптеп тарту туралы резолюциясы бар. Неге? Себебі келіссөз кезінде ер адамдарға қарағанда әйелдермен тіл табысып, келісімге келу оңай. Сирияны алып қарасақ, жергілікті әйелдер мен балалар, жалпы жергілікті тұрғындар әйелдерге сенім артады, - деді Ардақ Күртебаева агенттік тілшісімен әңгіме барысында.
Оның айтуынша, қазақстандық бітімгерлер Сирияға барған кезде елде азаматтық соғыс болып жатты.

- Миссияны орындауға аттануға мен де, отбасым жақындарым да алдын ала моральдық тұрғыдан дайын болдық. Күнделікті отбасы мүшелері, жақындарымызбен ұялы байланыс арқылы хабар алысып тұрдық. Миссия барысында жергілікті тұрғындармен жиі кездесіп тұрдық, сонымен қатар біз орналасқан базада жергілікті әскери қызметкерлер болды. Сирия халқының бір-ақ арманы бар – тыныштық пен еркіндік. Бұл қазір оларға арман. Осы орайда біздің елімізде еркіндіктің, бостандықтың, тоқшылықтың барына қатты қуанамын, - дейді ол.
Осылайша жерлесіміз Отанды сағынғанын, Отанға жетпейтін әлем жоғын айтып отыр. Сөз соңында Ардақ Күртебаева алдағы уақытта тағы да бітімгерлік міндет өтеуге жіберсе, дайын екендігін жеткізді.
Еске сала кетейік, кеше қазақстандық бітімгерлер Сириядан елге оралды.
Олар былтыр наурызда Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті (139 әскери қызметкер) БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген еді.
Қазақстандық бітімгерлер мобильді патрульдеу, бақылау бекеттерін күшейту, эвакуация және минасыздандыру жұмыстарын орындады.
Айтар болсақ, Сириядағы төңкеріс кезінде қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның 24 қызметкерін эвакуациялады.
Сонымен қатар қазақстандық бітімгерлердің Сирияда тағы қандай міндетті орындап келгені туралы жазған болатынбыз.