Сирияның қауіпсіздік күштері Дамаскіде ДАИШ лаңкестерінің жетекшісін ұстады
АСТАНА. KAZINFORM — Сирияның ішкі қауіпсіздік күштері арнайы операция жүргізіп, Дамаскіде ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) лаңкестік ұйымының жетекшісін қолға түсірді.
Report агенттігінің мәліметінше, бұл туралы провинциялық департамент бастығы генерал Ахмед ад-Даллатидің X әлеуметтік желісінде айтылған.
— Біздің арнайы бөлімшелеріміз әскери барлау және халықаралық коалиция күштерімен бірлесе отырып, Муадамия маңындағы ДАИШ бекінісін жою операциясын жүргізді. Нәтижесінде Дамаскідегі террористік топтың жетекшісі Таха аз-Зуаби және оның бірқатар сыбайласы қамауға алынды. Олардан жарылғыш байланған белбеулер мен қару-жарақ тәркіленді, — делінген мәтінде.
Ад-Даллатидің айтуынша, тексеру жергілікті тұрғындардан келген хабардан кейін жүргізілген. Олар қауіпсіздік қызметкерлеріне қылмыскерлерді ұстауға көмектесті.
— Бұл біздің қауіпсіздік күштеріміздің Дамаскідегі және оның айналасындағы кез келген тұрақтылық қаупіне қарсы тұруға дайын екендігін көрсететін ДАИШ ұйымына үлкен соққы, — деп атап өтті генерал.
Біраз уақыт бұрын Сиднейде атыс болып, лаңкестер қолға түскен болатын. Аустралия полициясы оларды әкесі мен баласы екенін анықтады.