Сирияның президенті Ахмед аш-Шараа алғаш рет Лондонға ресми сапармен барды
АСТАНА.KAZINFORM — Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа Лондонға алғаш рет ресми сапармен барып, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен Даунинг-стритте келіссөздер өткізді. Бұл оның 2024 жылы елдің көп жылдық басшысы Башар әл-Асад биліктен кеткеннен кейінгі алғашқы сапары болды. Бұл туралы Еuronews.com жазды.
Кездесу барысында тараптар Иранмен байланысты соғыс мәселесін талқылады. Даунинг-стрит өкілінің айтуынша, екі көшбасшы Ормуз бұғазының жұмысын қайта жандандыру үшін тиімді жоспар әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұғаздың ұзақ уақыт жабық болуы айтарлықтай экономикалық салдарға әкелген. Сондай-ақ олар теңіз қатынасының еркіндігін қалпына келтіру үшін басқа елдермен бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Аш-Шараа билікке келгеннен кейін ел ішінде алевиттерге, друздарға, күрдтерге және христиандарға қарсы шабуылдар жиілеген. Діни топтар арасындағы қақтығыстар зорлық-зомбылықпен қатар жүріп жатыр, ал Ислам мемлекеті ұйымы әлі де белсенді күйінде қалып отыр.
Кир Стармер Сирия үкіметінің аталған ұйымға қарсы әрекеттерін құптап, терроризммен күрестегі ілгерілеуді атап өтті. Сонымен қатар ол заңсыз мигранттарды қайтару, шекара қауіпсіздігін күшейту және адам саудасымен айналысатын желілерге қарсы күрес бойынша Дамаскпен тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Ресми деректерге сәйкес, 2011–2021 жылдары азаматтық соғыс салдарынан 30 мыңнан астам сириялық Ұлыбританиядан баспана алған.
Аш-Шарааның бұл сапары Лондонның 2025 жылдың шілдесінде Сириямен дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру туралы шешімінен кейін жүзеге асты. Бұған дейін Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Дамаскке барып, соңғы 14 жылдағы алғашқы ресми сапарды жасаған еді.
Сол кезде Ұлыбритания билігі Сириямен байланыс орнату саяси реформаларды қолдауға, экономиканы қалпына келтіруге, заңсыз миграцияны азайтуға және химиялық қару мәселелерін шешуге бағытталғанын мәлімдеген.
Апта басында Аш-Шараа Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцмен де кездескен. Германия — Еуропадағы ең ірі экономика және ЕО аумағындағы ең үлкен сириялық диаспора тұратын ел (1 миллионнан астам адам).
Фридрих Мерц миграциялық саясатты қатаңдатуды басты басымдықтарының бірі ретінде атап өтіп, Германияда тұратын сириялықтардың 80%-ы алдағы үш жыл ішінде өз еліне оралуы тиіс деген келісімге келгенін айтты.
43 жастағы Аш-Шараа Батыс елдерімен қарым-қатынасты жақсартып, АҚШ, Франция және Ресейге сапарлар жасаған. Соның нәтижесінде Сирияға салынған көптеген халықаралық санкциялар алынып, елді 14 жылға созылған азаматтық соғыстан кейін қалпына келтіруге мүмкіндік туған.
Сапар барысында Аш-Шараа Король Чарльз IIIпен Букингем сарайында да кездескен. Алайда олардың қандай мәселелерді талқылағаны жарияланған жоқ.
Бұған дейін Сирия президенті Ахмед аш-Шараа ресми сапармен АҚШ-қа барған болатын.