Сирияның уақытша президенті Сауд Арабиясына барды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл – Ахмед аш-Шарааның Сирияның уақытша президенті ретіндегі алғашқы шетелдік сапары. Жексенбіде ол Эр-Риядта Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманмен кездесті. Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі аталған кездесу жаңа Сирияның болашағына қалай әсер ететінін бағамдап көрді. 

Сирияның уақытша президенті Сауд Арабиясына барды
Фото: SANA агенттігі

Жексенбі күні Сирия президенті Эр-Риядтағы Король Халид әуежайына келіп, оны ел астанасы губернаторының орынбасары ханзада Мұхаммед бин Абдулрахман бин Абдулазиз қарсы алды. 

Айта кетейік, өткен аптада «Хаят Тахрир аш-Шам» (ХТШ Қазақстанда тыйым салынған ұйым) тобының басшысы, бұрын Әбу Мұхаммед әл-Джулани деген атпен белгілі Ахмед аш-Шараа Сирияның президенті болып жарияланған еді. Сапар аясында Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен кездесу өтті. 

Эр-Риядтағы келіссөзге Сирия президентімен бірге Сирияның Сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбани де барды. Кездесуден кейін аш-Шараа бин Салманмен жүздесу Сауд Арабиясының «Сирияны болашағын құруда қолдауға шын ниеті барын» көрсеткенін айтты. 

Сирияның уақытша президенті Сауд Арабиясына барды
Фото: SANA агенттігі

Аш-Шараа жазбаша мәлімдемесінде мұрагер ханзадамен гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты, сонымен қатар «энергетика, технология, білім және денсаулық салаларындағы ауқымды болашақ жоспарларын» талқылағанын айтты. 

- Бүгін біз ұзақ кездесу өткіздік. Басқосу барысында Сирияның болашағын құруға қолдау көрсетуге деген шынайы ниетті, сондай-ақ Сирия халқының ерік-жігерін, оның аумақтарының бірлігі мен тұтастығын қолдауға деген ұмтылысты сезіндік және естідік, - деді Сирия көшбасшысы. 

Сауд Арабиясы ақпарат агенттігінің хабарлауынша, президенттер екіжақты қарым-қатынастарды жақсарту және аймақтық даму мәселелерін талқылады. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Аш-Шараа дүйсенбі күні мұсылмандардың қасиетті қаласы Меккеге бару үшін корольдікте қалады. Ол Сауд Арабиясында дүниеге келген және балалық шағының бір бөлігін сонда өткізген. 

Аш-Шараа 8 желтоқсанда елдегі жаппай шабуылдан кейін президент Башар Асадты биліктен тайдырған сириялық оппозицияны басқарды. Содан бері Сирияның жаңа әкімшілігі аймақтық және халықаралық заңдылыққа қол жеткізіп, Батыстың Сирияға қарсы санкцияларының жойылуына қол жеткізуге тырысты.

Соңғы жаңалықтар