Сырмақтан дронға дейін: Ақтөбенің креаторлары Астанада тың жобаларын таныстырды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елордада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Aqtobe Creative Days мәдени-креативті көрме-жәрмеңкесі ашылды. Екі күнге жоспарланған шарада Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторы 30-ға жуық бағыт бойынша авторлық өнімдері мен шығармашылық жобаларын таныстырады.
Көрме Креативті индустрияларды дамыту қорының Qazaq Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Мұнда қолөнер шеберлері, дизайнерлер, суретшілер, IT мамандары мен мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары бас қосты.
Келушілерге зергерлік әшекейлер, теріден, ағаштан, сүйек пен жүннен жасалған бұйымдар, киіз туындылары, сырмақ, басқұр және ұлттық аксессуарлар ұсынылған. Шеберлер өз жұмыстарын көрсетіп, тәжірибелік сабақтар өткізеді.
Көрме-жәрмеңкеде ұлттық нақыш пен заманауи сәнді ұштастырған жеті дизайнердің топтамасы да таныстырылды. Олардың қатарында SAULEMAI COUTURE, Trumova Collection, SYRMAK, ULPAN SAN UI, MARKA сән үйлері мен Azamat SAIN бренді бар. Мәселен, SYRMAK дәстүрлі сырмақ үлгісін заманауи сырт киіммен үйлестірсе, басқа брендтер ұлттық нақышты күнделікті киімге енгізген.
Көрмеге әскери институт курсанттарының технологиялық жобалары да қойылды. Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының курсанты Сұлтанбек Әлімжан бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын таныстырды.
— «Көбелек» қатынау қиын елді мекендерге дәрі-дәрмек пен хат жеткізуге арналған. «Жалын» өрт ошақтарын сөндіруге көмектеседі. «Аспан» ауа райын зерттеп, метеорологиялық барлау жүргізеді. Ал «Оператор» қираған немесе түтін басқан ғимараттарда іздестіру жұмыстарын атқаруға арналған. Барлық аппарат сынақтан өтті. Оларды 3D-принтер арқылы өзіміз құрастырамыз, — деді ол.
Ұлттық құндылықтарды балаларға ойын арқылы үйретуге арналған «Ханшайым» жобасы да жұрт назарына ұсынылды. Жоба авторы Әсия Мусинова ойынға қазақтың 100 салт-дәстүрі енгізілгенін айтты.
— Ойын ұлттық киім, тағам, салт-дәстүр мен қолөнерді қамтиды. Мақсатымыз — балаларға ойын арқылы білім беріп, қаржылық сауатын арттыру және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру. Қазір ойын қазақ және орыс тілдерінде бар. Алдағы уақытта ағылшын тіліндегі нұсқасын әзірлеп, ұлттық дәстүрімізді шетелдіктерге де танытқымыз келеді. Сондай-ақ ұл балаларға арналған «Жігіт сұлтаны» ойынын шығаруды жоспарлап отырмыз, — деді Әсия Мусинова.
Көрмеден әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған экспозицияны, Ақтөбе ақын-жазушыларының кітаптары қойылған Book Market алаңын да көруге болады. Сонымен қатар жас жазушы Әлихан Жақсылықтың өңірге арналған анимациялық фильмі және Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ерекше балаларға арналған «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымы ұсынылған. Бағдарламада музыкалық концерттер мен шығармашылық кездесулер де бар.
Ақтөбе облысында 3 мыңнан астам мәдениет қызметкері еңбек етеді. Aqtobe Creative Days жергілікті брендтер мен авторлық өнімдерді кеңінен таныстырып, дәстүрлі мәдениетті заманауи шығармашылықпен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Creative Aimaq республикалық жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» тарапынан жүзеге асырылады.
Жоба өңірлердің шығармашылық әлеуетін танытуға және отандық брендтерді қолдауға бағытталған.