Сыртқы факторлар АӨІСШК елдерімен сауда-саттыққа теріс әсерін тигізіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы факторлар Қазақстанның АӨІСШК елдерімен сауда қарқынына әсерін тигізді. Бұл туралы АӨІСШК Іскерлік кеңесінің 7-отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты.

Кайрат Торебаев
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

«Азияның экспорт көлемі өзге кез келген өңірге қарағанда жылдам өсіп келеді. Биыл 7,4 пайызға артты. Бұл ретте сыртқы факторлар Қазақстанның АӨІСШК елдерімен сауда қарқынына әсерін тигізді. Айталық, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстан мен АӨІСШК елдері арасындағы тауар айналымы 56,2 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға төмен. Қазақстаннан АӨІСШК елдеріне экспорт калемі осы жылдың 9 айында 9,8 пайызға төмендеп, 26,8 млрд доллары болды. АӨІСШК елдерінен импорт та 9 айда 4,1 пайызға құлдырап, 29,3 млрд долларды құрады», - деді вице-министр.

Осы орайда Қайрат Төребаев Еуразияның орталығында орналасқан Қазақстанның көптеген азиялық елдермен және өңірлермен сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамытуға стратегиялық мүмкіндігі бар екендігін баса айтты.

«Экспорттық әлеуетті кеңейту, Қазақстан өнімдерін ілгерілету, сонымен қатар инвестиция мен инновация саласындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Біздің министрлік қазақстандық өнімдерді дамытуға және шетелдерде ілгерілетуге баса мән береді. Экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдаймыз және дамытамыз, сертификат алуға, халықаралық нарықтарда тауарларды ілгерілетуге жәрдемдесеміз, сондай-ақ экспорттаушыларға әлемдік сауданың жаңа жағдайларына бейімделуге көмектесеміз. Биыл бизнес үшін сауда процестерін жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді қысқартуға бағытталған бірқатар бастаманы іске қостық. Біздің бастамаларымыз тұрақты экономикалық өсім мен әл-ауқатты арттыруға қол жеткізуге септігін тигізеді», - деді ол.

Бұған дейін 2023 жылы АӨІСШК елдері Қазақстан экономикасына 1,6 млрд инвестиция құйғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар