Сыртқы сектор мен ішкі экономикада инфляция тәуекелдері сақталып отыр - ҰБ

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қордан бөлінетін қаражат қазақстандық тауарлардың көлемін арттыруға, нақты жобаларды қаржыландыруға бағытталуы керек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Инфляция
Фото: Kazinform/ Freepik

- Еліміздің экономикасы үшін маңызды саналатын мұнай нарығының даму барысында өзгеріс байқалды. Мұнайдың қазіргі және болжамды әлемдік бағасы төмендеп келеді. Әлемдік экономиканың өсімі Халықаралық валюта қорының қазан айындағы болжамына сәйкес, 2024 және 2025 жылдары 3,2 пайызды құрайды. Елімізде экономиканың өсімі оң динамиканы сақтап отыр. Биылғы 9 айда жалпы ішкі өнім 4,1 пайызды құрады. Өсім барлық секторда байқалды, - деді Т.Сүлейменов.

Оның айтуынша, қараша айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция біршама төмендеп, 8,4% деңгейінде қалыптасты. Алайда, бұл көрсеткіш әлі де Ұлттық банктің 5 пайыздық таргетінен алыс. Қарашаның қорытындысы бойынша ақылы қызметтер бағасы 13,3 пайызға өсіп, инфляцияға едәуір үлес қосты. Бұл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауына байланысты. Импорттық бағаның өсуі салдарынан азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 8 пайызға дейін жеделдеді.

- Бұл ретте, азық-түлік тауарларының дезинфляциясы жалпы инфляцияны біршама баяулатуға оң ықпал етті. Алайда, қарашада оның 5,4 пайызға жеделдегені тіркелді. Жалпы алғанда, Ұлттық банктің ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен Үкіметтің инфляцияға қарсы шараларының нәтижесінде баға динамикасы біздің болжамымызға сәйкес қалыптасып келеді. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8-9% аралығында қалыптасады деп ескерілген. Сонымен бірге, сыртқы секторда да, ішкі экономикада да инфляция тәуекелдері бар екенін атап өтемін, - деді ҰБ басшысы.

Бюджет әлі де Ұлттық қордың трансферттеріне сүйеніп отыр. Соның салдарынан мұнайдан тыс тапшылық жоғары күйінде қалды.

- Биыл Ұлттық қордан тікелей трансферттер көлемі 5,6 трлн теңгені құрады, ал қордан алынған барлық қаражат 6 трлн теңгеден асады. Бұл ретте Ұлттық қор қаражатын жұмсау көлемі де, бағыттары да маңызды. Ұлттық қордан бөлінетін қаражат қазақстандық тауарлардың көлемін арттыруға, нақты жобаларды қаржыландыруға бағытталуы керек. Сондай-ақ, бұл шығыстардың сапасы, тиімділігі мен өнімділігі өте маңызды. Осы мәселелер жүргізіп жатқан саясатымыздың маңызды факторлары саналады. Бәрімізге мәлім, жақында АҚШ долларына қарсы теңге әлсіреді. Бұл қосымша инфляциялық фактор ретінде саналады және ол инфляциялық көрсеткіштерге әсер етеді... Атап айтқанда, инфляциямен күресу және оны тұрақтандыру – біздің экономикалық саясатымыздағы басымдық болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметпен бірге ортақ саясатымызды үйлестіру бағытындағы жұмысымызды жалғастыра береміз. Ұлттық банк инфляцияның 5 пайыздық таргетіне жету жолында негізделген және теңдестірілген шешімдер қабылдайтын болады. Бұл азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және экономикамыздың тұрақты өсуіне жағдай жасайды, - деді Тимур Сүлейменов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері қай деңгейге жететінін айтты.

 

Соңғы жаңалықтар