Сицилия жағалауында яхта суға батып кетті: соңғы мәйіт табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Италиялық құтқарушылар Сицилия жағалауында суға батып кеткен яхтада жоғалған соңғы адамның денесін жағаға алып шықты, деп жазады The Washington Post.

Сицилия жағалауында яхта суға батып кетті: соңғы мәйіт табылды
Фото: FABIO LA BIANCA

«Әйелдің денесі жұма күні табылды», - деп хабарлады жағалау күзеті. 

Әзірге әйелдің аты-жөні ресми түрде анықталған жоқ, бірақ бұған дейін британиялық магнат Майк Линчтің 18 жастағы қызы Ханна Линч із-түзсіз жоғалып кеткені хабарланған. 

Естеріңізге сала кетейік, сәрсенбіде италиялық сүңгуірлер британиялық кәсіпкерге тиесілі Bayesian яхтасының бес жолаушысының денесін тауып, жағаға шығарды. Барлығы 6 адам хабар-ошарсыз кетті. Олардың арасында 59 жастағы британиялық миллиардер Майк Линч, оның 18 жастағы қызы Ханна және екі ерлі-зайыпты болды: Джонатан Блумер әйелі Джудимен және Крис Морвилло әйелі Недамен. 

Яхта дүйсенбі күні таңертең Сицилия жағалауында суға батып кеткен. Құтқарушылар апаттан кейінгі алғашқы сағаттарда 15 адамды, оның ішінде бір жасар баланы аман алып қалды. Сол күні кешке аспаз Рикальдо Томастың денесі табылды.