Сицилияда торнадодан 9 адам зардап шегіп, ғимараттар қирады

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Сицилия аралына қуатты торнадолар соғып, танымал туристік Марсала қаласындағы ғимараттарға зақым келді. Табиғи апаттан 9 адам, оның ішінде мектеп оқушысы жарақат алды. Құйын көліктерді аударып, әуеге көтерген, деп хабарлайды БелТА.

Сицилияда торнадодан 9 адам зардап шегіп, ғимараттар қирады
Фото: mirror.co.uk

Табиғи апат таңертең болған. Найзағай ойнап, дауыл тұрғанда жағалау маңында екі торнадо пайда болған. Оқиға куәгерлері қатты қорыққанын, бірі бұрын-соңды мұндай қорқынышты бастан өткермегенін айтып, жағдайды «нағыз бейберекетсіздік» деп сипаттады. 

Жергілікті БАҚ мәліметінше, құйындардың бірі мектеп ғимаратын зақымдап, салдарынан оқушы жарақат алған. Сондай-ақ стадион маңында бірнеше көлік әуеге көтерілген.

Бұл торнадолар Сицилияның осы өңірінде соңғы бірнеше онжылдықтағы ең қуатты құйындардың бірі саналды. Жергілікті жедел медициналық көмек бөліміне 9 адам жүгінген. Олардың төртеуі — бала, бесеуі — ересек адам. Дәрігерлер зардап шеккендердің кесілген және сыдырылған жарақаттар алғанын анықтады.

Еске салайық, биыл Францияда торнадодан 26 адам зардап шегіп, жүздеген үй қираған болатын.