Си Цзиньпин әлемдегі сауда соғысын джунгли заңдарына теңеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин «Орталық Азия-Қытай» саммитінде әлемдегі сауда соғысын джунгли заңдары үстемдік құрған ортаға теңеді.

— Халықаралық ахуалдағы бұрын-соңды болмаған өзгерістер жаһандық сілкіністер мен өзгерістердің жаңа кезеңін бастап берді. Теңдік, әділдік, өзара пайда және өзара табыс қағидаттарын қалтқысыз ұстану ғана бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қолдап, бірлескен өркендеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тариф пен сауда соғысында жеңімпаздар болмайды, — деді ол саммитте.
Оның пайымдауынша, протекционизм, гегемонияға құштарлық ондай бағыт ұстанған елдің өзін де, өзге мемлекеттерді де шығынға ұшыратады.
— Мен тарих диірменін кері айналдыруға болмайтынын, тек алға жылжу маңызды екенін үнемі айтып келемін. Бізге ыдыраған әлем емес, біртұтас әлем керек. Адамзат джунгли заңдарының үстемдігіне мойын ұсынбай, ортақ тағдырға топтасу ауанында дамуы керек, — деді Си Цзиньпин.
Айта кетейік, елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.
«Орталық Азия — Қытай» І саммиті 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.