«СҚ-Фармация» компаниясы 2011 жылы жалпы құны 34 млрд. теңгенің мемлекеттік сатып алуларын жасайды

АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «СҚ-Фармация» компаниясы 2011 жылға арналған жалпы құны 34 млрд. теңгенің мемлекеттік сатып алу туралы байқауын жариялады. Бүгін бұл туралы «Самұрық-Қазына Фармация» компаниясы Маркетинг және даму департаментінің бастығы Арнұр Нұртаев әлеуетті жеткізушілермен кездесу барысында мәлім етті.
None
None

Мемлекеттік бірыңғай дистрибьютордың қызметін атқарушы «СҚ-Фармация» тендерді әдеттегідей аукциондық тәсіл арқылы жүргізетін болады.

«Мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін ол екі кезеңдік рәсімдер пайдаланыла отырып жасалады. Бірінші кезеңде тендерлік өтінімнің Үкімет қаулысында, мемлекет заңнамасында көрсетілген талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Екінші кезең - ең төменгі бағаны анықтау», деді А. Нұртаев дәрі-дәрмектерді сатып алу жөніндегі тендердің ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде.

А .Нұртаевтің атап көрсеткеніндей, әлеуетті жеткізушілердің бастапқыда ұсынған бағалары жария етіледі. Екінші кезеңінде үміткерлер бағаның бәсекеге қабілетті болуы үшін, ең төменгі бағаны қайта белгілеуге мүмкіндіктері болады.

Оның айтуынша, компания 2011 жылы құны 34 млрд. теңге болатын 646 лот бойынша дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу жүргізетін болады. Үміткерлердің мемлекеттік сатып алу науқанына қатысу туралы өтініштерін тіркеу қыркүйектің 27-де аяқталады.

«Былтырғы мемлекеттік сатып алуда 50 компания медициналық дәрі-дәрмектерді және құрал-жабдықтарды жеткізу қызметін жасауға үміт білдірген еді. Биыл тендерге бұдан да көп компания қатысады деп күтілуде, яғни шамамен 70-ке жуық әлеуетті жеткізуші өтініш береді деп болжануда», дейді А. Нұртаев.

«СҚ-Фармация» ЖШС 2009 жылдың ақпан айында құрылды. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында дәрі-дәрмектерді сатып алу мен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай дистрибьютордың қызметін жүзеге асыру үшін құрылды. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның құрылымына кіреді.

Соңғы жаңалықтар