«СҚ Фармацияның» бұрынғы басқарма төрағасы ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «СҚ Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СҚ Фармацияның» бұрынғы басқарма төрағасы ұсталды

ТЖ кезінде медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша «СҚ Фармация» ЖШС-ның бұрынғы Басқарма төрағасы ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша тергеу изоляторына қамалды.

«14 тамызда соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС қоры мен «СҚ Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырған болатын. Кейін «СҚ Фармация» қызметінде тексеру басталды.