Скандинавияның солтүстігіндегі аптап ыстық адам әрекетінен күшейе түскен
АСТАНА. KAZINFORM — Шілде айында Швеция, Норвегия және Финляндияның солтүстігінде тарихтағы ең күшті аптап ыстық толқындарының бірі тіркелді. Бұл жағдай парниктік газдардың шығарылуы салдарынан одан әрі күшейе түсті, деп хабарлайды AZƏRTAC.

Кейбір аймақтарда температура екі аптадан астам уақыт бойы 30 °C-тан жоғары болды. Ал Финляндияның Юлиторнио қаласында 25 °C-тан жоғары күн райы қатарынан 26 күн бойы сақталып, бұл Еуропаның мұндай солтүстік ендіктерінде бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткіш болды.
World Weather Attribution зерттеу тобының мәліметінше, бұл аптап адам әрекетінен туындаған шығарындылар болмағанда, кемінде 2 °C-қа жеңілірек болар еді, ал мұндай жағдайдың болу ықтималдығы кемі 10 есе артқан. Ғалымдар ескерту жасайды: егер климаттың өзгеруімен күрес қарқыны жеделдетілмесе, мұндай экстремалды ыстықтар ғасыр соңына қарай бес есе жиі және одан да қатты болады.
Қазіргі ыстықтың салдары айтарлықтай ауыр болды: бұғылар қалаларға кіріп кетті, ауруханаларда операциялар тоқтатылды, босану бөлімдері жабылды, ал судағы жазатайым оқиғалар саны күрт өсті.
Мамандар қоғамды жаңа климаттық жағдайларға бейімдеуді жақсарту үшін, денсаулық сақтау мен әлеуметтік салада шараларды күшейтуге шақырған.
Бұған дейін хабарланғандай, Еуропаның оңтүстік бөлігінде аптап ыстықтан орман өрті өршіп тұр.