Скатов пен Кукушкин Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисшілер Уимблдон турнирінің іріктеу сайысында бастапқы кездесулерін өткізді.

Тимофей Скатов
Фото: olympic.kz

Әлемнің 212-ракеткасы Тимофей Скатов іріктеудің ширек финалында дүниежүзілік рейтингіде 684-орында тұрған италиялық Стефано Наполитаномен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті. 

Т.Скатов іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін әлемнің 144-ракеткасы, бельгиялық Александр Блокспен таласады. 

Рейтингіде 190-сатыдағы Михаил Кукушкинге әлемнің 120-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Уайлд тап келді. Бірінші партияда бразилиялық теннисші 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Кукушкин есе қайырды – 6:4. Шешуші, үшінші сетте қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 6:3. 

М.Кукушкиннің келесі қарсыласы – рейтингіде өзінен бес саты төмен тұрған даниялық Аугуст Хольмгрен.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 178-сатыдағы Дмитрий Попко әлемнің 133-ракеткасы, аргентиналық Роман Андрес Бурручагаға жол берді – 2:6, 1:6. 

Бүгін сондай-ақ рейтингіде 251-орындағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 213-ракеткасы, украиналық Виталий Сачкодан өтуге тырысып көреді. 

Алдағы аптада басталатын Уимблдонның негізгі жарысында Қазақстаннан Александр Бублик пен Александр Шевченко өнер көрсетеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға кіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар