«Іскер аймақ»: Шалғай ауыл тұрғындарына кеңес беру үшін мобильді офистер сатып алынады
АСТАНА. KAZINFORM — «Іскер аймақ» бағдарламасына қатысушылар Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жарақтандыру мен қайта жарақтандырудың жаңа бағдарламасына қатыса алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
— Біз шалғай ауылдардың барлығында Интернет бола бермейтінін түсінеміз. Осыған байланысты консультация берудің және ақпараттық сүйемелдеудің көшпелі форматы енгізілетін болады. Осы мақсатта консультациялық қызметтер көрсету, өтінімдерді қабылдау және жергілікті жерлерде мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру үшін қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен жарақтандырылған мамандандырылған мобильді офистерді (автобустарды) сатып алу жоспарланған, — деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, бағдарлама өңірлерде тұрақты кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға бағытталған және экономикалық даму мен бюджеттік орнықтылық арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
— Бұдан басқа, «Іскер аймақ» бағдарламасына қатысушылар Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жарақтандыру мен қайта жарақтандырудың жаңа бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болатынын атап өткім келеді. Лизинг бойынша бағдарламаны іске асыру 2 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға, еңбек өнімділігі мен кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қаржыландыру қосымша кепілсіз жүзеге асырылады, — деді ол.
Серік Жұманғариннің айтуынша, бағдарлама аясында бір лизинг алушыға арналған лимит 5 жылға дейінгі қаржыландыру мерзімімен 300 млн теңгеден аспайды.
— «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ 300 млрд теңге қорландыру сомасына мемлекеттік инвестициялық жоба әзірлеуде. Жалпы, «Іскер аймақ» бағдарламасы микро және шағын бизнесті қолдауға бағытталған, — деді вице-премьер.
Бұған дейін «Іскер аймақ» бағдарламасы қандай бағыттарда іске асырылатынын жазған едік.