Скляр: Кен мен концентратты сыртқа шығаруға мүдделі емеспіз

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстан инвестицияны қай салаларға көбірек тартуға мүдделі екенін мәлім етті. 

Роман Скляр
Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

— Ілкі инвестициялық жобаларға келсек, әрине, бірінші кезекте қайта өңдеу саласына тартылатын инвестицияның көбейгеніне мүдделіміз. Одан кейін тау-кен өнеркәсібі де біз үшін басым бағыт. Бізге ресурстық базамызды арттыру керек. Қолдағы бар және барланып, дәлелденетін ресурс базасы өңдеу саласын дамытуға серпін болады. Біз кен мен концентратты сыртқа шығаруға мүдделі емеспіз. Керісінше шикізатты өзімізде өңдеуге мүдделіміз, — деді ол.

Бірінші вице-премьер бұл ұстаным тек қатты пайдалы қазбаларға ғана қатысты емес екенін атап өтті.

— Қазір полипропилен өндіретін зауыт жұмыс істеп тұрғанын көріп отырсыздар. Полиэтилен, бутадиен зауыттары салынып жатқанын білесіздер. Осылайша өңдеу саласымен байланысты бағыттарды дамытамыз, — деді Роман Скляр.

Айта кетейік, кеше Роман Скляр Airbus-тың Еуропа бойынша президенті Жоан Пелисьемен авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту жайын талқылап, Қазақстан аумағында азаматтық және мемлекеттік авиация ұшақтарын жөндеу мен қызмет көрсету орталығын ашу қажеттігін мәлімдеген болатын

Соңғы жаңалықтар