Скляр Көлік министрінің қызметінен босатылуы жайында: Адамдар келеді, кетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Марат Қарабаевтың Көлік министрі лауазымынан босатылуына қатысты пікір білдірді.

- Ағымдағы процесс – адамдар келеді, кетеді. Министрлер жұмыс істейді, министрлерді қызметінен босатады. Мұнан ерекше ештеңе көріп тұрғаным жоқ, - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол Қарабаевтың қызметінен кетуінде қандай да бір себептің болуы мүмкін екенін жасырған жоқ.
- Қандай да бір себебі бар шығар. Ол жайында қазір айтқым келіп тұрған жоқ. Әрбір жаңа кезең басшылықты тың талаптарға мәжбүр етеді. Шешілуі тиіс тапсырмалар бар. Қарабаев министрлік алдында тұрған тапсырмалардың бір бөлігін шешті. Қазір жаңа басшысы жалпы ведомство алдында тұрған тапсырмаларды шешетін болады. Өздеріңіз де білесіздер, Мемлекет басшысы тарапынан өте ауыр сын болды. Министрлердің біріне баға бергім келмейді. Меніңше, кімнің қалай жұмыс істегенін, қандай мәселелерді шешкенін уақыт көрсетеді, - деді Роман Скляр.
8 маусым күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Кәрімжанұлы Қарабаев Көлік министрі лауазымынан босатылған еді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр.