Солтүстік Қазақстан АИТВ таралуы орташа өңірлер тобына ауыстырылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта АИТВ-мен өмір сүретін 1400-ден астам адам есепте тұр. 

СҚО — АИТВ-мен ауыру деңгейі орташа өңірлер тобына ауыстырылды
Фото: freepik.com

Облыстық АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталық директорының міндетін атқарушы Айман Сыздықованың айтуынша, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңір АИТВ-мен ауыру деңгейі жоғары топтан орта деңгейдегі өңірлер тобына ауыстырылды. Бұл профилактика және мамандардың жүйелі жұмысының арқасында мүмкін болған.

— Биыл жыл басынан 34 адамға осы диагноз қойылды. Бұл — өткен жылдың ұқсас кезеңі көрсеткішінен 30% төмен. Ауырғандардың 64,7% — ерлер, 35,3% — әйелдер. Соңғы үш жарым жылда өңірде балалардың жұқтыруының бірде-бір жаңа жағдайы тіркелген жоқ. 2016 жылдан бастап облыс АИТВ-мен ауыру деңгейі жоғары аймақтарға жатқызылды, бұл инфекцияның парентеральды берілу жолының күрт өсуімен байланысты болды, яғни, «тұздар» деп аталатын синтетикалық есірткіні инъекциялық түрде пайдаланудың салдары, — дейді Айман Сыздықова.

Маманның айтуынша, АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталықтың аутрич қызметкерлерінің — тең нұсқаушылар немесе көше қызметкерлерінің күшейтілген жұмысы және «зиянды азайту» профилактикалық бағдарламасын енгізу жағдайды өзгертті.

— Осы мамандардың көмегімен біз жабық ортаға кіріп, адамдарға бір реттік шприцтерді қолдану, АИТВ-ға тестілеуден өту, емдеуді бастау қаншалықты маңызды екенін түсіндіре алдық. Әрбір аутрич қызметкер әсіресе инфекцияға бейім адамдармен байланыстырушы. Бүгінгі күні осындай 10 аутрич-қызметкер көмектеседі. Олар АИТВ жұқтыру қаупі туралы әңгімелейді, жергілікті жерлерде тестілеу үшін дәрігерлердің келуін ұйымдастырады, — дейді Айман Сыздықова.

Қазіргі уақытта СҚО-да АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 90% антиретровирустық терапияны қабылдайды. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 11,2% өсті.

Естеріңізге салайық, СҚО-да кейінгі үш жылда АИТВ бар анадан 30-дан астам нәресте дүниеге келгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар