СҚО әкімі аудандық ветстансалар басшыларына 13 арнайы машинаның кілтін тапсырды (ФОТО)
Салтанатты жиналыста өңір басшысы Ерік Сұлтанов құттықтау сөз сөйледі. Биыл солтүстікқазақстандықтар ауа райының күрделі жағдайына қарамастан 5 млн. тоннадан астам астық жинады.
«Елдің ірі агроөнеркәсіптік өңірі ретінде біз үшін бүгін шын мәнінде жалпыхалықтық мереке. Агроөнеркәсіптік кешен әрқашан да облыс экономикасында айрықша орын алады, Солтүстік Қазақстанның лайықты мақтанышы болып келеді. Мемлекет басшысының біздің облысты «елдің басты астықты өңірі» деп атауы кездейсоқ емес. Бүгінде аграрлық сектор өзінің орасан зор әлеуетін жүзеге асыруға ұмтылуда: жаңа технологиялар, өндіріс пен өңдеудің жаңа принциптері енгізілуде, кәсіпорындарды жаңарту жүріп жатыр», - деді СҚО әкімі Ерік Сұлтанов.
Өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін әкім 30 алғашқы тың игерушіге кәдесыйлар мен алғысхаттар тапсырды. 4 солтүстікқазақстандық ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Тағы 5 аграршы «Ауыл шаруашылығының үздік қызметкері» ведомстволық төсбелгісінің иегері атанды. Ауыл шаруашылығының 50-ге тарта еңбеккері салалық министрліктің және облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты шарада өңір басшысы Ерік Сұлтанов ауцдандардың 13 ветстансалар басшыларына мал өлекселерін және биологиялық материалдарды өртейтін жаңа машиналардың кілтін тапсырды.