СҚО әкімі кәсіпорында мерт болған 4 жұмысшының отбасына барынша көмек көрсетуді тапсырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы шошқа кешенінде қаза тапқан төрт жұмысшының отбасына барынша көмек көрсетіледі. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров жедел кеңес өткізіп, бар шығынды компания көтеретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Тайынша ауданы Новоивановка елді мекенінде орналасқан «EMS AGRO» ЖШС шошқа кешенінде тереңдігі 8 метрлік кәріздік жинақтаушыны тазалау барысында 4 жұмысшының мерт болғанын айтқан едік.
Олардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Ер адамдар газдан улануы мүмкін.
СҚО әкімі Айдарбек Сапаров Тайынша ауданында осы оқиғаға қатысты жедел кеңес өткізді.
Арнайы комиссия құрылды. Полиция департаменті мен прокуратура өз жұмысын атқарады. Түнде оқиға орнына бәріміз келдік, көрдік. Қаза тапқандардың туған-туыстарымен кездестік. Жерлеу рәсімін аудандық әкімдік пен компания өткереді. Барлық шығынды кәсіпорын көтереді. Сондай-ақ, отбасыларына да көмектеседі. Несиелері болса оны да шешу керек
, - деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.