СҚО әкімі Петропавлдағы 4 балабақшаның құрылыс барысымен танысты (ФОТО)

«Жұмысшы кентіндегі 320 орынға шақталған балабақшаны мемлекеттік-жеке серіктестік аясында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ тұрғызып жатыр. Мердігер астаналық «Ақмола энергия жөндеу" ЖШС. Ғимараттағы шаруаның барысын серіктестіктің өкілі Искандер Далдабаев айтып берді. Ол құрылысқа 70 адам тартылғанын, тамыз айының соңына дейін қабырғаларды тұрғызу жұмыстарын аяқтау жоспарланғанын атап өтті», - делінген хабарламада.
СҚО әкімі құрылысты үдете түсіруді ұсынды.
Алматы көшесі 4-мекенжайда да балабақша салынып жатыр. Өңір басшысы мұнда коммуникацияны уақытында тарту, қыркүйек - қазан айларында абаттандыру жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.
Ерік Сұлтанов "Петрострой-Люкс" компаниясының жұмысына да оң бағасын берді. Серіктестік 200 орындық балабақшаны Рижская көшесі 159-мекенжайда тұрғызып жатыр. Мердігерлер бүгінгі күнге дейін ғимаратқа кәріздік желі мен ауыз су құбырларын тартып үлгерген. Енді жылу жүйесіне кірісті.
Рижская көшесінде, Жеңіс саябағы маңында «Баларман» балабақшасы жұмыс істемек. Ол 65 баланы қабылдай алады. Мұнда ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды.
Бұл нысандардан соң Ерік Сұлтанов тұрғын үй құрылысымен танысты. Юбилейный шағынауданында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» желісі бойынша 126 және 72 пәтерлі көпқабатты үй салынады. Береке шағынауданында 55, 75, 90 және 93 пәтерлі көпқабатты үйлер тұрғызылуда. Сонымен қатар Петропавлда жас отбасыларға арналған екі жатақхана салынып жатыр.