СҚО әкімі: Теріскейдің басты проблемасы — көгілдір отынның жоқтығы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан — еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты басты аймақтардың бірі. Өңірдің өзекті мәселелері, шешілуді қажет ететін түйткілдері де бар. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен болған сұхбат барысында өңірдің даму барысы ғана емес, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы және өмірлік ұстанымы да сөз болды. 

әкім
Фото: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

— Ғауез Торсанұлы, Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта ең басты мәселе деп нені атар едіңіз?

— Біздің облыс үшін әрине ең өзекті мәселе — газдандыру. Тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де барынша қолайлы жағдай жасау үшін өңірді газдандырудың жолдарын іздестіріп, түрлі нұсқаларды зерделеп жатырмыз. Көгілдір отын өңірімізге аса қажет. Өңір халқы газдың келуін күтіп отыр. Ең бастысы, газдандыру экономиканың дамуына қуатты серпін беріп, инвестор тартуға және адамдардың тұрмыс жағдайына оң әсер етеді.

— Қай салалар бойынша өңір алда келеді, қай бағыттарда әлі де жұмысты жандандыру қажет?

— Біздің облыс ауыл шаруашылығы саласында еліміз бойынша көшбасшысы өңірлердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Солтүстік Қазақстан еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру жолында үлкен жұмыс атқарып жатыр. Бұл бағытта мүмкіндік мол. Біз жоғары технологияны ауыл шаруашылығын дамыту тәжірибесімен ұштастырамыз. Осының арқасында процесс пен өндіріс технологиясы сапалы түрде жетілдіріледі.

теплица
Фото: СҚО әкімдігі

Сонымен қатар, аграрлық-индустриалды экономикаға жүйелі түрде көшу жалғасады. Ол үшін инвесторларды тартып, заманауи зауыттар мен фабрикалар салынып жатыр.

Оған қоса, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саланы дамыту бағытында атқарылған іс аз емес. Мектептер мен емдеу мекемелерін жөндеу, спорт нысандарын ашу жоспарланған.

— СҚО әкімі болып жұмысқа кіріскен күннен бастап елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп жүрсіз. Жеке қабылдау өткізесіз. Бүгінде халық көбіне неге шағымданады?

— Иә, сіз айтқандай, облыс әкімі қызметіне кіріскен күннен бастап бүкіл аудандарды аралап, халықпен кездестім. Өңір ақсақалдарымен де жүздесіп, ақыл-кеңесін алып, ұсыныстарын қағазға түртіп алдым.

Облыста тұрақты түрде азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін де өткізіп тұрамыз, оның аясында тұрғындар өз мәселесімен келеді, оларға кеңес беріліп, түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

а
Фото: СҚО әкімдігі

Былтыр СҚО әкімдігі жанынан азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Тұрғындар мұнда мемлекеттік органдарға өтініш беріп, басшыларға қабылдауға жазылып, кеңес ала алады. Жаңа орталық азаматтармен байланыстың бірыңғай экожүйесін қалыптастырып, қоғамның сұранысын дәлірек анықтайды.

Орталықта жүйелі түрде азаматтарды жеке қабылдаймын. Тұрғындар әртүрлі сауалдармен келгенмен ортақ мәселелер баршылық. Ол — жол жөндеу, ауыз сумен қамту, әлеуметтік нысандарды жаңарту, жер және баспана мәселесі. Қабылдауда болған бүкіл азаматтың сұрақтарын тіркеп, оның орындалуын қадағалауға аламыз.

— Солтүстік Қазақстан — астықты аймақ. Өңір диқандары былтыр ауа райына байланысты қиындық көргені белгілі. Биылғы егіс науқанының ерекшелігі неде?

— Былтыр өңір диқандары үшін оңай жыл болған жоқ. Шаруалар орақты да ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізді. Соған қарамастан, облыс диқандары жақсы өнім алды. Былтыр 6,5 млн тонна астық жиналды, орташа өнімділік — 19,7 ц/га.

Биылғы көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Жақсы өнім алу үшін барлық қажетті аграрлық іс-шаралар кешені жүргізілді. Уақтылы және сапалы егіс науқанын жүргізу — солтүстік өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту кепілі. Мемлекет шаруаларға көктемгі жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізуге қажетті көмекті көрсетіп жатыр. «Солтүстік» ӘКК және «ҚазАгроҚаржы» арқылы 70 млрд теңге көлемінде ерте қаржыландырудың арқасында диқандар маусымға дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп, тұқым, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай сатып алып, техникаларын жөндеді.

Майлы дақылдардың алқабы 85 мың гектарға өсіп, 760 мың га жетпек. Шаруалар 333 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізеді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30% көп. 470 мың тонна тұқым дайындалып, 4 мың жоғары өнімді техника мен 1,5 мың заманауи себу кешені егіске шықты. Сонымен қатар, шаруалар 87 млрд теңгеге 3 мың жаңа техника сатып алады. 52 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

ауыл шаруашылығы
Фото: СҚО әкімдігі

— Петропавлда көшелердің жолын жөнге келтіру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс бойынша да қолға алынған. Биылға жоспар қандай? 

— Биыл өңірде жол инфрақұрылымын жақсарту аясында 1,1 мың км жол жөнделеді. Атап айтқанда, 467 км республикалық желі, 700 км жергілікті жолдар және көше-жол желісі, соның ішінде 35 елді мекендегі 100 км ішкі жолдар қамтылады.

Мына маңызды жолдарға жөндеу жүргізіледі: Покровка-Петропавл, Қайранкөл-Благовещенка, Дәуіт-Кішкенекөл, Меңкесер-Раздольное, Горьковское-Восходское, Кішкенекөл-Қаратерек, Смирново-Қиялы, Покровка-Ильинка, Смирново-Токуши, Повозочное-Баян. 

Облыс орталығында биыл орташа жөндеу 45 көшені қамтиды, оның 42-де бұрын асфальт болмаған. Алдағы үш жылға міндет — барлық көшеге асфальт төсеу.

а
Фото: СҚО әкімдігі

— Былтыр өңірде бұрын-соңды тіркелмеген су тасқыны болды. Апат айтып келмейді. Үйлер салынып, инфрақұрылым қалпына келді. Биыл қандай жұмыстар атқарылмақ?

— 2024 жыл өңір үшін оңай болған жоқ: алапат су тасқыны облыстың дамуына елеулі әсер етті. Бүкіл күш-қуат инфрақұрылымды қалпына келтіруге және зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталды. Нәтижесінде «Бірлік» жаңа шағынауданы пайда болып, 700 жаңа үй салынды, 1394 пәтер сатып алынды. Бірінші көтергіш сорғы станциясы мен бөгеттер қалпына келді. Биыл да табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, ауылдарды үлкен судан аман алып қалдық.

Өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккен Ойқала шағынауданы мен Былғары кентінде 74 сквер салу бойынша ауқымды жұмыс басталды. Жобаға барлық аудандар мен қалалық ұйымдар қатысып жатыр.

Бірлескен күш-жігермен 2 мың ағаш егіліп, шағын архитектуралық формалар, орындықтар, жарықтандыру, серуендеу аймағы орнатылады. Футзалға арналған екі модульдық спортзал салынып, ойын мен спорт алаңдары, волейбол және футбол алаңдары пайда болады.

а
Фото: СҚО әкімдігі

— Гиннес рекордтар кітабына енуге лайық Қазақстан Конституциясы көшесі жаңа түрге енеді деп естідік.

— Иә, әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер аймағы — Қазақстан Конституциясы көшесін қайта жаңғырту басталды. Жоба үш кезеңде жүзеге асады. Қазіргі уақытта Астана көшесінен Парковая көшесіне дейінгі бөлікте инженерлік желілер мен тас төсеніштерді ауыстыру, көгалдандыру және ғимараттардың қасбетін бірыңғай сәулеттік стильде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталық көше барлық жастағы адамдар үшін тартымды әрі заманауи орынға айналады.

Тағы бір маңызды жоба — мәдени-ағартушылық бағыттағы «Мағжан орталығының» құрылуы. Орталықтың жанында жаңа жайлы сквер салынады, ол сөзсіз қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналады.

— Өзекті мәселенің бірі — денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағытта қандай жаңашылық бар?

— Медицина саласына биыл да көп көңіл бөлеміз. Биыл 19 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтпек, бұл мақсатқа 2 млрд тг бағытталады.  Жаңа медициналық нысандар ашылып жатыр. Петропавлда жаңа екі емхана қолданысқа берілді. Аудандарда 46 емдеу мекемесі салынды. Облыстық балалар ауруханасында оңалту орталығы ашылды.

Ауруханаларды жаңа қондырғылармен жабдықтап жатырмыз. Өткен жылы бұл мақсатқа 5,4 миллиард теңге бөлініп, ауруханаларға жоғары сапалы УЗИ, цифрлық рентгендер, маммограф, салқындатқыш центрифуга, литотриптер, жасанды қан айналымы аппараты және басқа заманауи құрылғылар жеткізілді. Мысалы, кардиологиялық орталық пен көпбейінді қалалық ауруханаға екі заманауи ангиограф орнатылды, оның көмегімен жүрек-қан тамыр жүйесіне ота жасалатын болады.

2025 жылы медициналық қондырғыларды жаңартуға бөлінетін қаржы 1,5 есе ұлғайып, 7,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде 4,5 млрд теңге қалалық медициналық ұйымдардың еншісінде. Қалалық және аудандық ауруханалар үшін МРТ, КТ, ангиограф және видеоэндоскопиялық кешенді сатып алу жоспарланған.

а
Фото: СҚО әкімдігі

— Петропавлда тиесілі 10 сотық жерді алу үшін кезекке тұрғандар саны көп. Кейбірінің кезегін күткеніне 20 жылға жуықтаған. Былтыр су тасқынына байланысты осы мақсатқа бөлінген жер учаскесіне зардап шеккендерге баспана салынды. Қазір бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр ма?

— Иә, бұл мәселе де біздің назарымызда. Петропавл қаласында жеке тұрғын үй құрылысының дамуы аясында «Бірлік» және «Оңтүстік» шағынаудандарының нақты жоспарлау жобалары бекітілді. Олар бойынша 1699 жер учаскесі берілмек. «Бірлікте» — 726, «Оңтүстікте» — 973 учаске.

«Бірлік» ауданында инженерлік коммуникациялар толық дайын. Ал «Оңтүстік» шағынауданында жер учаскелері инженерлік инфрақұрылым құрылысы аяқталғаннан кейін беріледі. Осының арқасында қала тұрғындары бекітілген эскизге сәйкес өз баспанасын салып, үй жағдайын жақсарта алмақ.

— Аудандарда су мәселесі әлі де өзекті. Бұл мәселе биыл шешімін таба ма?

— Былтыр 10 мың тұрғыны бар 64 ауылға кешенді блок-модульдер орнатылды. Сонымен қатар 280 шақырым су құбыры желісі жаңғыртылды. Су құбыры желілерін салу және жаңарту 5 мың адам тұратын 15 елді мекенде атқарылды. Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының таза ауызсуға қолжетімділік деңгейі 97,5% жетіп, 258 мың адамды қамтыды.

Қазіргі таңда облыста 7,4 мың тұрғыны бар 88 ауылда сумен проблема бар. Бұл мәселені шешу үшін су құбыры желілерін тарту, топтық су құбырларын салу және кешенді блок-модульдер орнату жоспарланып отыр. Осы шаралар нәтижесінде ауыл халқының таза суға қолжетімділігі 100% жеткізілмек.

— СҚО-ға әкім болып тағайындалғаныңызға бір жарым жылдан асты. Бұл аз уақыт емес. Осы аралықта атқарған жұмысыңызды қорытындыласаңыз. Қандай оң өзгерістер бар?

— Атқарылған жұмысты қорытындылауға әлі ертерек. Дегенмен, осы уақытта жүзеге асқан жобалар туралы айтып өтсем. Мысалы, инновациялық жылыжай, ағашты терең өңдейтін зауыт, құрғақ құрылыс қоспалары мен автоклавты газдалған блоктарды шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды. Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорын — «МаслоДел» компаниясының май экстракциялау зауыты жұмысын бастады. Аталған жобаға 34 млрд теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Жалпы, мұндай кәсіпорындардың пайда болуы өңір экономикасына оң әсерін тигізеді.

Облыста заманауи сүт кешендерін салу жалғасады. Былтыр жоспарланған 19 сүт фермасының 17-сі іске қосылып, бұл қосымша 70 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік берді. Бұл жобалар өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Орман» ықшамауданында жаңа мектеп ашылды, дәл осындай білім ордасы биыл «Берекеде» есігін айқара ашпақ. Ерекше балаларға арналған түзету мектеп-интернаты ашылды. Жаңадан бой көтерген «Бірлік» шағынауданында, «Берекеде» жаңа балабақшалар салынды. Екі жатақхананың берілуі студенттер үшін орын жетіспеушілігі мәселесін шешті.

Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту аясында 54 оқу орнына күрделі жөндеу жүргізілді. Балаларды тасымалдауды үшін аудандарға 42 мектеп автобусы сатып алынды.

Өңірде 1 500 шақырым электр желісі, 9 шақырым жылу желісі және 8 шақырым кәріз желісі ауыстырылды. Биыл Жұмысшы кентіндегі автоөткелдің құрылысы аяқталады. Петропавлдағы ЖЭО-2-де жаңа мұржа салынды, оны іске қосу биылғы күзге жоспарланған. Тұрғын үй құрылысы саласында 330 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, 17 көпқабатты үй салынды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 387 пәтер сатып алынды. Жалпы, өңірде шамамен 7 мың отбасы немесе 20 мың солтүстікқазақстандықтың тұрғын үй жағдайы жақсарды.

к
Фото: СҚО әкімдігі

Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмасын орындау аясында Петропавлда креативті индустрия орталығы ашылды. Сондай-ақ «Ботай» арт-галереясы, үстел теннисі орталығы және «Береке» шағынауданындағы спорт кешені де халыққа пайдалануға берілді. Жаңартылған «Қарасай» стадионы УЕФА талаптарына сай.

— Өңірді түлетуде алдыңызға қандай жоспар-міндет қойдыңыз?

— Президенттің облысты дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты берген тапсырмалары бар. Оны орындау аясында көп жұмыс атқарылмақ. Мен жоғарыда айтқандай жылу және электр желілерін жаңарту, ауылдарды дамыту, білім мен денсаулық сақтау саласында жаңа нысандарды салу және жөндеуге ерекше мән береміз.

Әрине, ауыл шаруашылығында сүт фермаларын салу, егістікті әртараптандыру, жаңа жобаларды жүзеге асыруға көңіл бөлінеді. Өнеркәсіп саласында инвесторларды тарту бойынша жұмысқа қарқын қосамыз.

Петропавлда жылына 10 мың тонна өнім өндіретін құс фабрикасы мен «Евразиан Милк» қоюлатылған сүт цехының құрылысы жүріп жатыр. «Зенченко и К» компаниясы 8 мың бас малға арналған мега-ферма құрылысын бастады. «Бейкертон» компаниясы 37 млрд теңге инвестициямен нан-тоқаш өнімдері зауытын салып жатыр, нәтижесінде 380 тұрақты жұмыс орны пайда болады.

Сондай-ақ, саңырауқұлақ фермасы, компост зауыты, көпір жабдықтарын шығаратын кәсіпорын және шетелдік инвестордың қатысуымен ОСП өндірісі жоспарланған. «Радуга» ЖШС базасында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеуге арналған техноэкопарк құрылады.

«ЗИКСТО» зауыты вагон құрастыру үшін роботтандырылған технология енгізеді. Бұл мақсатта жаңа өндірістік корпус салынып жатыр.

пойыз
Фото: СҚО әкімдігі

«Жас Өркен» шағынауданында балабақша құрылысы басталды. Петропавлда мұз сарайы салынып жатыр. Жабық футбол манежі бар футбол академиясы салынады.

— Жұмыста қандай мәселені басты назарда ұстайсыз?

— Жұмыста мен үшін басты принцип — жауапкершілік. Басқалардан да осыны талап етемін. Бастаған жұмысты аяғына дейін жеткізу мен үшін аса маңызды.

— Күн тәртібіңіз жайында айтып беріңізші…

— Күн тәртібі әртүрлі болады. Басшылардың есебін тыңдау, сараптамалық материалдармен танысу, халықпен кездесулер, әлеуметтік желілерді зерделеу және облысты дамытуға қатысты жиналыстар өткізу, аудандардың тыныс-тіршілігімен танысу және тағы басқалар. Бұның барлығы — облысты дамыту үшін жасалатын қарбалас жұмыс.

а
Фото: СҚО әкімдігі

— Хоббиіңіз бар ма?

— Бос уақытым болса, жылқыға мініп, жортқанды жақсы көремін. Қазақ халқы үшін аса киелі жануар ғой. Қолымнан келгенше ат спортын қолдап жүремін. Қостанай облысында қызмет атқарған кезде ат спорты федерациясының төрағасы болдым. Сенатта еңбек еткен кезде спорттық бағыттағы қазақы жылқы тұқымдарын сақтау және көбейту туралы заң жобасына бастамашы болдым. Бұл заңның арқасында спорттық жылқы өсірушілер мемлекеттен субсидия алып, жарысқа қатысатын қазақтың асыл тұқымды жылқыларын өсіру, баптау және олардың популяциясын сақтау мүмкін болады.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Kazinform Ақтөбе және Абай облысы әкімдерімен әңгіме-дүкен құрған еді.  

Соңғы жаңалықтар