СҚО ауылдарына еліктердің артын ала қабандар кіре бастады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Балуан ауылына бір топ қабан кірді. Жабайы жануарларды ұялы телефонға түсіріп алған тұрғындар, бейнежазбамен әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр.
Жабайы жануарлардың елді мекендерге көптеп кіруін мамандар түсіндірді.
«Еліктердің елді мекендерге кіруі біздің өңір үшін айтарлықтай ерекше жайт емес. Ресейдің Омбы, Қорған облыстарында да жабайы жануарлардың көшеге жүруі көптеп кездеседі. Ақмола облысында да осыған ұқсас жағдай. Бұл — қолайсыз ауа райына байланысты. Солтүстік өңірлерде қар жамылғысы қалыңдасымен-ақ, кей жылдары қыста жаңбыр жауады, тұяқты жануарларға өздігінен қорек табу қиындық әкеледі. Сондықтан еліктер азық іздеп кетеді. Ресейдің еліктері мұндайда бізге ауады. Ал жолда елді мекендерге де кіреді. Біздің қызметтер биылғы қыста тек Петропавлдан ғана 20-дан астам елікті ұстап, өмір сүретін табиғи ортасына жіберді», — дейді СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім жетекшісі Олег Беспалов.
Маманның айтуынша, жағдай бақылауда. Жалпы облыс аумағында бірнеше аңшылық шаруашылық бар.
Олар өз аумақтарындағы жабайы жануарларды қыс уақытында қосымша қоректендіруге міндеттелген.
«Қабандар бойынша да сол жағдай. Қар қалың, жемазық табу қиындаған. Әлеуметтік желіде тараған соңғы роликке қарайтын болсақ, бұл ауыл аз қоныстанған, санаулы үй ғана қалған. Сондықтан түз тағылары ешқандай қорқынышсыз ауылды басып өтеді. Адамдардан қорықпайды деп жатады. Әрине, қорықпайды, өйткені олар адаммен бірінші рет кездесіп тұр, одан келер қауіпті білмейді. Ал қабандарға жақындаудың қажеті жоқ. Олар агрессивті жануарлар қатарында. Сондай-ақ оларды атуға, аулауға тыйым салынғанын ескертемін, қылмыстық жауапкершілік бар. 1,3 млн теңге мөлшерінде шығынның орнын толтырады», — дейді Олег Беспалов.
СҚО-да соңғы уақытта әлеуметтік желіде «қасқыр көрдік, қасқыр аттық» деген жазбалар да көбейді.
«Былтыр ақпан-наурыз айларында жабайы жануарлардың есебін жүргіздік. Қасқыр тіркелмеді. Бірақ біз қасқыр бар басқа облыстармен шекаралас жатырмыз, сондықтан олардың пайда болуы мүмкін. Ормандарда қасқырларға қорек жеткілікті, сондықтан олардан адамдарға келер қауіп шамалы», — дейді Олег Беспалов.
СҚО-да соңғы есеп бойынша қазіргі уақытта 20 мың елік, 3 мың доңыз бар.