СҚО ауылында 35 қыз күреспен айналысып жүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Меңгесер ауылында 35 жасөспірім қыз күреспен айналысады. Нәтижесі де жоқ емес. Бірер күн бұрын 17 жасар Анна Стратан Иорданияда өткен Әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралды.


СҚО Мамлют ауданындағы Меңгесер ауылында ұл-қыздардың күреске деген қызығушылығы жоғары. Сол себепті мұнда облыстық балалар мен жасөспірімдер күрес мектебінің филиалы жұмыс істейді.
Руслан Дәулетов — тәжірибелі бапкер, отыз жылға жуық ауыл балаларын жаттықтырып, жас балуандарды дайындаумен айналысады.

Бұрын ұлдарды күреске баулыса, қазір тобында тек қыздар ғана жаттығады. Балуан қыздардың жасы — 8-ден 17 жасқа дейін.
Соның бірі — жақында ғана Иорданияда өткен әлем чемпионатынан қола медальмен келген Анна Стратан. Ол Грекия спортшысы Майри Маниді 5:1 есебімен жеңіп, тұғырдан көрінді.
«Анна маған 7 жасында келіп, он жыл бойы мен оны жаттықтырдым. Биыл ол Меңкесер орта мектебінде оқуын аяқтап, облыстық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжіне „жаттықтырушы-оқытушы“ мамандығы бойынша оқуға түсті. Еңбекқор, намысшыл спортшы, сондықтан бұл балуан үмітті әлі ақтайды деп сенемін», — дейді Руслан Дәулетов.

Бапкердің айтуынша, соңғы жылдары қыздардың күреске қызығушылығы жоғары. Олар ұлдарға қарағанда белсенді.
Облыстық, республикалық турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қазір Меңгесер ауылындағы күрес мектебінде 35 қыз жаттықса, соның 90% — облыс чемпиондары.
Бұған дейін Петропавлда бокс ардагерлері арасында халықаралық ашық турнир өткенін жазған едік.
