СҚО аумағына Атлантика циклоны әсер етіп жатыр – синоптиктер

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы аумағында күннің күрт жылып, жаңбыр жаууына, қатты жел тұруына атлантикалық циклон әсер етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, ауа райындағы өзгеріс туралы кеше сағат 12.00 шамасында дауылды ескерту берілді.

Хабарламада 23 ақпан күні жауын-шашынның – жаңбыр, қардың жауатындығы жөнінде, қатты көктайғақ болатындығы және өңірдің оңтүстік, батыс, солтүстігінде қатты бұрқасын болатындығы айтылды.

Оңтүстік-оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні күндіз 15-20 м/с дейін болса, түнде оның күші 23 м/с дейін жетпек.

Сондай-ақ, облыстың батыс аумағында тұман болады деп күтілуде.

«Облыс аумағына жылы фронттары бар, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашыны, көктайғағы, тұман, екпінді желі және ылғалдың үлкен қоры бар белсенді Атлантикалық циклон әсер етеді. Іс жүзінде облыс аумағында 21 ақпанда сағат 21.00-ден бастап ауа температурасы -1-6 градус аяздан +1,+2-ге дейін біртіндеп жоғарылауы, жаңбыр мен қар түрінде аралас жауын-шашынның түсуі байқалды. Облыс аумағының басым бөлігінде мөлшері 0,3-4,6 мм болатын жаңбыр жауды. Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарында жауын-шашын байқалмады. Оңтүстіктен соққан желдің екпіні 16 м/с, кей жерлерде екпіні 20 м/с жетті», - дейді филиал мамандары.

Мамандардың айтуынша, СҚО-да осындай жылы ауа райы 2021 жылдың 3-5 ақпан аралығында болған екен.

Ол жолы облыс аумағында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болған және термометр +5 көрсеткен екен.

Бұған дейін СҚО-да қатты көктайғаққа байланысты мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылып, қоғамдық көліктердің жұмысы уақытша тоқтатылғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар