СҚО автожолдарын қысқа дайындауда былтырғы олқылықтар есепке алынып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM –  Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдарды қысқы уақытта күтіп ұстауға биыл 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғыдан 25%-ға артық. 

КазАвтоЖол
Фото: КазАвтоЖол

СҚО әкімдігінде автожолдарды қысқа дайындау жайы пысықталды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, облыс арқылы республикалық маңызы бар 1 970 км жол өтеді. Қазір соның 57 км «Көкшетау Автодор» ЖШС күрделі жөндесе, 15 км «КазСтройТехник» ЖШС жаңалап жатыр. 

«Былтырғы қыстағы ауыр жағдайды есепке алып, биыл республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 25% артық – 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта техника дайындалып жатыр. Қар сыратын 138 техника қажет болса, соның 126-сы бар, бірақ 92%-ы ғана жүріп тұр. Биыл 4 автогрейдер алынды, жыл соңына дейін тағы екеуі алынады және 22 арнайы техника бойынша мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Сондай-ақ жолдарды тазалауға 8 ұйыммен келісім жасалып жатыр», - дейді филиал директоры.

СҚО-да қар алатын 121 учаске бар, жалпы ұзындығы – 190 км.

«Жолды қар алмауы үшін 3 мың дана ағаштан жасалған кедергі әзірленді. Қардан қорғайтын траншея ұзындығын да 40%-ға арттырдық. Ұзындығы 2 600 км болады. Сондай-ақ былтырғы климаттық жағдайды ескере отырып, екі есе мұзға қарсы тұз-құм қоспасы, реагенттер әзірленді. Бұдан бөлек төтенше жағдайларға жол бермеу үшін күн райы бұзылғанда тәулік бойы кезекшілік атқарылады», - дейді Талғат Смағұлов.

Бұған дейін СҚО-да биыл 1,4 мың км республикалық жол диагностикадан өткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар