СҚО автожолдарында көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмысы басталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар автожолдарда су басуы мүмкін учаскелер бақылауға алынып, су тасқынына қарсы іс-шаралар қолға алынды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, республикалық маңызы бар А-1 «Астана-Петропавл» автожолының СҚО арқылы өтетін учаскелерінде қысқы күтіп-ұстау жұмыстарымен қатар, су өткізу құбырлары мен көпірасты су арналарын қардан тазарту жұмыстары да қоса жүргізіліп жатыр.
«Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, қауіпті учаскелер бақылауға алынды. Жол қызмектерлері жолдар мен жол құрылыстарына күнделікті патрульдеу жүргізеді. Жалпы автожолдарды қысқы күтіп-ұстауға 105 арнайы техника және 250-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі», - дейді компания өкілдері.
Жолшылар жолды қардан тазартып, көктайғақтың пайда болуына жол бермеу үшін құм-тұз қоспасын, химиялық реагентті себу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл қыста осы мақсатқа 2 600 м3 құм, 700 тонна техникалық тұз, 260 тонна химиялық реагент жұмсалды.