СҚО-да 10 сотық жерге кезек биыл қаншаға жылжыды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 29 222 адам 10 сотық жер алуға кезекке тұрған.

земля, земельные участки
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pexels

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегі 2003 жылдан бастап бар. Бұрын 10 сотық жер теліміне өтініш беру үшін жергілікті әкімдікке бару керек болса, қазір оны ешқайда шықпай-ақ eOtinish сервисі арқылы беруге болады.

— Жеке тұрғын үй құрылысына қажет жер учаскесін алуға өтініш білдіргендердің 23 мыңы Петропавл қаласы бойынша, қалғаны облыс аудандарында кезекте тұр. 2003 жылдан бастап бүгінге дейін облыс бойынша барлығы 8518 жер учаскесі берілді. Оның ішінде Петропавлда — 3219, облыс аудандарында — 5303 учаске. Жер учаскелерін алған азаматтардың әлеуметтік мәртебесі көрсетілмейді, өйткені арнайы есепке қою кезінде азаматтар санаттар бойынша бөлінбейді және жер учаскесін алуға бірыңғай кезекке тұрады, — дейді басқарманың жердi есепке алу, жер учаскелерiн алу және беру бөлімінің басшысы Марат Тулеев.

Биыл өңірде алғашқы жеті айда 86 учаске берілсе, 35 адамға 10 сотық жер Петропавлдан бұйырған. 

— Заңға сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сумен жабдықталған және электр желісі бар аумақтарда беріледі. Ал ауылдық жерлерде электрмен жабдықтау желілері болса жеткілікті. Қолданыстағы бас жоспарға және «Южный» шағын ауданы мен «Солнечный-2» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес мұнда жеке тұрғын үй құрылысы көзделген. Қазіргі уақытта «Южный» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. «Солнечный-2» шағын ауданында инженерлік коммуникациялар жүргізілді. Жер учаскелерін беруді бастау туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады, — дейді бөлім басшысы.

Естеріңізге салайық, Петропавлда қала тұрғындарына жеке үй салу үшін 3 мың жер телімі тегін берілетінін жазған едік. 2022 жылдан бері кезекте тұрғандар саны тағы 6,5 мыңға артқан. 

Соңғы жаңалықтар