СҚО-да 104 адам трансплантацияға мұқтаж

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысына транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мамандары келді. Екі күн бойы орталық қызметкерлері дәрігерлермен, халықпен кездесіп, мәйіттік донорлық жайында хабардар етеді.

донорство
Фото: Canva

Петропавлға келген транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының бөлім басшысы Қайрат Иманбаевтың айтуынша, елімізде 4080 сырқат күту парағында тұр, оның 102-сі – 18 жасқа дейінгі бала. Науқастардың басым бөлігі бүйрегін ауыстыруды қажет етеді. 

Донор
Фото: Орал Әміренов

«Қазіргі уақытта туыстық донорлық бар, бірақ ол көп уақыт алады. Мәйіттік донорлықтың ешқандай зияны жоқ, ол әлем бойынша дамып келеді. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. СҚО-да да трансплантация керек жүзден астам науқас бар. Сырқаттардың жүрек, бауыр, бүйрегін ауыстыру қажет», - дейді Қайрат Иманбаев.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантацияланады. 2020 жылдан бері 948 адамның ағзасы ауыстырылған. Биыл елімізде 19 адамға ота жасалып, қайтыс болған адамның ағзалары қолданылды. Десек те, әлі де мәйіттік донорлық жайында жұрттың аққпараты аз. Мәселен жүрек пен өкпені тек қайтыс болған адамнан ғана алуға болады. Петропавлға келген мамандар мәйіттік донорлықтың артықшылығын айтып, осылайша түсіндіру жұмысын жүргізді. 

«СҚО-да 2012 жылдан бастап 18 мультиоргандық донорлық жасалды. Қазіргі уақытта облыста 104 адам трансплантацияға мұқтаж. Сырқаттардың төртеуі – бала. Өкінішке қарай, күту тізімінде тұрған науқастардың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жалпы, ағзаны ауыстырумен трансплантологиялық орталық айналысады», - дейді СҚО аймақтық трансплантация үйлестірушісі Әлихан Қабдулов. 

Заң бойынша әр адам көзі тірісінде донор болуға рұқсатын бере алады. Маманның айтуынша, келісім болғанның өзінде де туыстарының рұқсаты керек. Ал бір қайтыс болған адам кем дегенде бес науқастың өмірін сақтайды. 

Бұған дейін СҚО-да бір ай ішінде 10,3 мың адам ЖРВИ-мен ауырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар