СҚО-да бір ай ішінде 10,3 мың адам ЖРВИ-мен ауырған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа эпидемиялық маусым басталғалы 10 296 адам жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырған. Соның 3 мыңнан астамы өткен аптада тіркелді.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазанның бірінен бастап сырқаттанғандардың 7 мыңға жуығы немесе 66%-ы – 14 жасқа дейінгі бала.
«Бұл – маусымдық сырқаттану. Ауырғандар саны алдындағы аптамен салыстырғанда азайып келеді. 11%-ға кеміді. Тұмау жұқтырғанда дене қызуы кенеттен көтеріледі. Әдетте құрғақ жөтел пайда болып, бас ауырады, бұлшықет пен буын сырқырайды, қатты әлсіздік туып, тамақ ауырады, мұрыннан су ағады», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, маусымдық вирустық инфекциялардан қорғанудың бір жолы – екпе алу. Тұмауға қарсы вакцина қойдырған жағдайда дерт асқынбайды, ауырған жағдайда жеңіл өтеді.
Тәуекел тобына жататын тұрғындарға тегін екпе салу үшін ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы өңірге сатып алынды.
«Бүгінге дейін 43 мыңға жуық адамға вакцина салынды. Олар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар және т.б. Тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, спецификалық емес профилактиканы назардан тыс қалдырмау керек: мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес беремін. Барған жағдайда бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты және жеке гигиена ережелерін сақтау қажет. Қолды жиі сабынмен жуған жөн. Өйткені тұмау вирусы ауа тамшылары арқылы ғана емес, заттар арқылы лас қолмен беріледі. Сонымен қатар иммунитетті барлық қолжетімді тәсілмен арттыру керек», - дейді Арман Күшбасов.
Бұған дейін елімізде 5 мыңға жуық жеткіншек адам папиллома вирусына қарсы вакцина алғанын жазған едік.