СҚО-да 11 мыңнан астам халқы бар Саумалкөл ауылы ауыз сусыз отыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында су мәселесі ушығып тұр.

Мәселе мамыр айының соңында басталған. Жергілікті тұрғын Мәдина Баймендинаның айтуынша, су 3-4 күнге сөндіріліп, кейде бір-екі күнге ғана беріледі.
— Көпбалалы анамын, кір жуу, ас әзірлеу, баланы күнделікті жуындыру қиын. Су болмағандықтан қоғамдық монша да істемейді. Жеке тұрғын үйде тұратындар бау-бақшасын, малын суара алмай отыр. Ал көпқабатты үйде тұратындардың жайын айтпаса да түсінікті, су болмағандықтан кәріз жүйесі де тоқтаған, — дейді ол.
Бастапқыда тұрғындарға сумен қамтушы компанияның ауысуына байланысты мәселе туындағаны айтылған.
— Алдында Ұлттық экономика министрлігіне хат жолдадық, Одан кейін аудан әкімінің орынбасары келіп, «сумен қамтитын компанияны ауыстырып жатырмыз, оған уақыт керек» деді. Сосын «тұрғындардың қарызына байланысты суды өшіреміз. Халық қашан қарыздан құтылады, сол кезде суды береміз» деді. Күнде бір сағатқа көлікпен су әкеледі, бірақ ол жетпей қалады. Көп болса бір отбасы екі шелек қана су алады, ал үлкен ыдысқа құйып алу мүмкін емес, өйткені кішкентай ғана бөшкемен әкеліп таратады. Кей көшелерге бармайды да, — дейді Мәдина Баймендина.
Судың сөндірілетіні туралы тұрғындарға хабарлама жіберіліп, елді мекенді сумен қамтамасыз етіп келген «Саумалкөл жылу» ЖШС-нің 104 млн теңгеден астам қарызы бары анықталған.
Айыртау ауданы әкімдігінің мәліметінше, енді елді мекен тұрғындарын сумен «Айыртау-Коммун-Сервис» ЖШС қамтамасыз етеді.
— «Саумалкөл жылу» ЖШС-нің Қазсушар облыстық филиалына электр қуаты және суға қарызына байланысты осы уақытта судан ажыратылды. Қазіргі уақытта оның міндеті «Айыртау-Коммун-Сервис» ЖШС жүктелді. Сумен жабдықтау және су бұру желілері сапасын арттыру үшін қосымша техникалық жабдықтарға, сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражатты алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда сумен жабдықтау қалыпқа келді, — делінген ресми жауапта.
Тұрғындардың айтуынша, бүгінде Саумалкөлдің бірқатар көшесіне су берілген. Бірақ, әлі де таза суды сарыла күткендер бар.
— Кей шағынаудандарда су әлі жоқ, «апаттық жағдай» дейді. Барлығына су бергенде ЖДС шағынауданы екі күн сусыз отырды. Кейін оларға беріліп, басқа көшелерде тағы су сөндірілді. Бұл қалай? — дейді ауыл адамдары.
Әкімдіктің мәліметінше, Саумалкөлде 11 500 адам тұрады. 40 көпқабатты үй, 3755 жекеменшік үй және 3891 абонент бар, оның 120-сы — заңды тұлға. Тұрғын үйлердің 62% орталық су жүйесіне қосылған.
Айыртау ауданында бас-аяғы 76 елді мекен болса, соның 28-інде орталық су құбыры жоқ. Биыл 12 елді мекенді орталық желіге қосу жоспарда бар.
Тағы 5 елді мекенге су тарту жобалары әзірленіп, бюджеттік өтінімдер берілген екен.
Бұған дейін Алматының Медеу ауданында көп жылдан бері қордаланған су мәселесі шешілгенін жазған едік.