СҚО-да 140 мың адам түрлі аурулармен диспансерлік есепте тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 140 мың адам түрлі аурулармен диспансерлік есепке алынған. Яғни өңірдегі әр төртінші тұрғындарда созылмалы дерт бар.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиал директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, диспансерлік есепте тұрғандардың 73 мыңға жуығы жүрек зақымдануы басым гипертониялық аурумен дәрігер бақылауына алынған. Сырқаттардың ішінде егде жастағы науқастар да, жастар да бар. Мұндай науқастар өмір бойы учаскелік дәрігердің есебінде тұрады және дерттің қаупі орташа болған жағдайда жарты жылда бір рет, қауіптілігі жоғары болса 3 айда бір рет тексеріледі. Олар зертханалық-диагностикалық зерттеулер тапсырады және тегін дәрі-дәрмек алады.
Қант диабетімен 22,3 мың пациент есепте тұр, олар да ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес тексеріліп, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.
«Барлық диспансерлік топтағы сырқат тиісінше тексерулерден және диагностикалық зерттеулердің минималды көлеміне ие. Кейбір жағдайларда диспансерлік бақылау күрделі диагностикалық процедуралар немесе стационар жағдайында емдеу үшін госпитализацияны қамтуы мүмкін. Диспансерлік бақылау әртүрлі санаттағы азаматтарды қамтиды. Ең алдымен, бұл жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, өт тас ауруы, онкологиялық және басқа да ауыр ауруларға бейім зейнеткерлер мен егде жастағы адамдар», - дейді Айнагүл Давлетчина.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры диспансерлік топтарды қарау және динамикалық бақылауды жүргізу үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына жылда қаражат бөледі. Биыл оның жалпы сомасы 2 млн теңгеге жуық. Емдеу мекемелері аурудың асқынуын болдырмау үшін диспансерлік есепте тұрған 25 түрлі ауру тобымен және әлеуметтік маңызы бар аурулармен сырқаттанған пациенттермен профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Бұған дейін Петропавлда түрлі жарақат алған 4 жасар баланың анасы әлеуметтік желіде көмек сұрағанын жазған едік.