СҚО-да 16 миллионға жуық бюджет ақшасын жымқырған шенеунік сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында прокурорлар мемлекет қаржысын жымқыру дерегі бойынша шенеунікті жауапқа тартты, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

тюрьма, арест, наручники, суд
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Тайынша ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 15,9 миллион теңге бюджет ақшасын заңсыз иемденгені анықталды. Ол Тайынша қаласындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу жүргізу үшін арнайы құрылғы сатып алмақ болғандай болып, жалған келісімшарт жасаған. Бұл шартта көрсетілген кәсіпкер бұл әрекеттерден бейхабар болған.

Прокуратураның тексерісінен кейін, 2024 жылдың 6 шілдесінде аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) іс қозғалды.

2025 жылдың 30 маусымында Тайынша аудандық соты бөлім басшысын кінәлі деп танып, оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, ол өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметтерде жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Облыс прокуратурасы бюджет қаржысының заңды әрі мақсатты жұмсалуын бақылау жұмысын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін СҚО-да білім бөлімінің бухгалтері жеті жылға сотталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар