СҚО-да 16 жастағы жасөспірім бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнап, сурет салады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының 16 жастағы тұрғыны Никита Скоба бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнайды. Өнерге құштар жасөспірімнің репертуарында қазақтың танымал күйлері бар. Жасөспірім сурет те салады. Жеті қыолы, бір сырлы бозбаланы тілшіміз әңгімеге тартқан еді. 

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

- Никита, алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз...

- Мен Новопокровка ауылында тұрамын. Жасым 16-да, биыл 11-сыныпқа көштім. Сабақтан бос уақытта айналысатын хоббиларым жетерлік, ол – музыка, сурет салу және спорт. Волейбол, футбол, баскетбол ойнаған ұнайды. Өнерге сүйіспеншілік маған жақындарымнан берілген. Анам да суретті жақсы салады. Атам да кезінде суретші болған екен, ал әжем музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтқан екен. 

Бұдан бөлек бос уақытымда балық аулаймын, тамақ пісіргенді жақсы көремін. Мектептегі түрлі іс-шараларда жүргізуші болған ұнайды. Адамдарға жағымды эмоция, жақсы көңіл-күй сыйлағанды ұнатамын. 

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

- Сіз бірден бірнеше аспапта ойнайды екенсіз. Музыкаға әуестік қалай басталды? 

- Домбырада, акустикалық гитарада, ерін сырнайында және сырнайда, синтезаторда ойнаймын. Алғашқы қолға ұстаған музыкалық аспабым – гитара. Бірде үйге ағам гитарасымен келді. Мен сұрап алып, ойнап көрмек болдым. Интернетті ашып, ең оңай әуенді сондағы видеодан көріп, өздігімнен ойнап көрмек болдым. Менің қызығушылығымды көріп, ағам гитарасын бір айға қалдырып кетті. Осы аралықта аккордтармен ойнауды меңгеріп алдым. Одан кейін домбыраны үйрендім, сосын синтезаторды қолға алдым. Ең соңғы үйренген аспабым – сырнай. 

Алда электр гитарада ойнауды үйренбекпін. Сондай-ақ соқпалы аспап – барабанда ойнауды меңгеріп алғым келеді. Бұған дейін үйренген музыкалық аспаптарда ойнауды да жетілдіре түсу қажет.

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

Домбыра аспабын үйренуіме музыка пәнінің мұғалімі Асылбек Ғарифоллаұлы ұйытқы болды. Мен мектеп президенті болдым. Бірде терезе жақтауында тұрған домбыраны көріп, бір шегімен өзім білетін әуенді салып көрдім, дыбысталуы ұнады. Ал бір аптадан кейін домбыра үйірмесіне келдім. Бастапқыда саусақтарымның икемі келмеді, қағысын түсінбедім. Бірақ ұстазым жалықпай түсіндіріп, жол көрсетіп жіберді. Күйлерді тыңдауға кеңес берді. Сосын интернет арқылы үйрендім. Репертуарды мұғалімім таңдап береді. Қазір мен «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Әлқисса», «Кероғлы», «Көңіл толқыны», «Ата толғау», «Әке толғау» секілді күйлерді білемін. Жалпы, қазақ музыкасында Нұрғиса Тілендиевті пір тұтамын. 

- Сахнада өнер көрсетіп жүрсіз бе? Домбырада ойнағанда көрермен сізді қалай қабылдайды? 

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

- Ия, сахнаға қазір жиі шығамын. 2022 жылы домбыра үйренуді бастасам, шамамен бір жылдан кейін көрермен алдында алғашқы күйімді орындадым. Петропавлда байқау өтті, келгендер маған түрегеп қол соғып, жақсы қолдау көрсетті. Сол жолы бірінші орынды жеңіп алып, сыйлыққа қысқа толқынды пешті сыйға берді. Өте керемет әсер алып, үйге қуанып келдім. Кейін Наурыз мейрамында күй тарттым, маған апайлардың бірі келіп сыйлығын берді.

- Болашақта өміріңізді музыкамен байланыстыруды жоспарлайсыз ба?

- Мамандығым шығармашылықпен байланысты болады. Мен қазір сурет салуға басымдықты беріп жүрмін. Сызу бағытын таңдағым келеді. 

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

- Сурет сала бастағаныңызға көп болды ма? Сізге қайсы - адамдарды, табиғатты бейнелеу немесе абстракция көбірек ұнайды?

- Балабақшадан маған сурет салған ұнайды. Қолыма түскен қағазға сурет салып отыратынмын.

Ал 12-13 жасымнан бастап сурет салу өнерін кәсіби түрде меңгере бастадым. Ұстазым Людмила Николаевна бағыт-бағдар берді. Салған суреттерімді көбіне әлеуметтік желідегі парақшама жариялаймын. Көбіне табиғатты бейнелеймін. Сондай-ақ фигураларды салған ұнайды. Кейде ұнаған әртістерімнің портреттерін де саламын. 

Жұмыс барысында түрлі-түсті қарындаштарды, маркерлерді, акварель, гуашь бояуды қолданамын. Майлы бояумен, акрилмен салып көрдім. Сурет салғанда да түрлі техниканы меңгеріп, қолдануға тырысамын. Қазір интернетте түрлі шеберлік сабақтары көп, ынта болса бәрін үйренуге болады.

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

- Сіздің шығармашылығыңызда қайсысы басым: идея, көңіл-күй, бақылау немесе қиял?

- Көңіл-күй дер едім. Егер көңіл-күй болмаса, түкке зауқың соқпайды. Сондай-ақ суретшіге қажет басты қасиет – байқампаздық. Мен ғимараттардың сәулетін қарағанды жақсы көремін. Сол үшін Санкт-Петербург қаласы ұнайды. Ал көңіл-күй болса шабыт та келеді, қиялға қанат бітіреді.

Көпшілік мән бермейтін заттарды көре білу, мысалы мен, ерекше ғимараттарды суретке түсіріп алуға тырысамын. Сондай-ақ әдемі сәттер, күннің батқан шағы, араның гүлге қонуы, т.б. назардан тыс қалмайды. Ерекше ракурстарды байқап, фотоға түсіріп жүремін.

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

- Өнердің сан қырын меңгеруіңіз – еңбекпен жеткен жетістік пе, әлде Жаратқан берген тума қасиет пе?

- Екеуі де бар шығар. Маған жаңа нәрсені үйренген ұнайды. Бірақ, орта жолда қалдырмай оны шегіне жеткізу керек. Ал бұл – тәртіп пен еңбекті қажет етеді. Адамда тек дарынның болуы жеткіліксіз, еңбектенбесе, оны жетілдірмесе, бәрі бекер. Сондай-ақ, адамды дарынды ететін қоршаған ортасы дер едім. Менің домбырадан дәріс беретін ұстазым немесе сурет салудың қыр-сырымен бөліскен мұғалімім менің қазіргі жетістікке жетуіме себепкер болды. Сондай-ақ, ата-анам, ата-әжелерім – маған сенім білдіріп, үнемі қолдап отырады.

- Алдағы бірнеше жылға қандай арман-мақсаттарыңыз бар?

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан

- Мектепті жақсы аяқтап, қалаған мамандығыма түсу. Болашақ мамандығым сәулет өнерімен байланысты болады деп ойлаймын.

Бұған дейін қазақтың қара домбырасын жетілдіріп, оның заманауи үлгісін жасап шыққан Петропавл тұрғыны Болат Қанафин туралы жазған едік.

 Никита Скоба
Фото: Никита Скобаның жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтар