СҚО-да 2,5 мыңға жуық балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі

СҚО-да 16 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама таратыла бастады. Бұл көмек маусым айы үшін көрсетіліп жатыр.
СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуеттік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бұл жолы азық-түлік пакетімен аз қамтылған отбасылардан шыққан 2251 бала қамтылады. Оның 1078-і 1 жастан 3 жасқа дейінгі және 1173-і 3 жастан 6 жасқа дейінгі бала.
«Кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша азық-түлік жиынтықтары - жармалар, шырын, езбелер, сұйық май, сүт, бал және тағы басқалары енген. Ол балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне және жасына сәйкес құрастырылған. Өнімдердің тағамдық және энергетикалық құндылығының ара қатынасы да ескерілген», - дейді басқарма мамандары.
Облыс аудандарында азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтарын ауылдық округ әкімдері таратады. Петропавл тұрғындары кепілдендірілген әлеуметтік пакетті Ш.Уәлиханов көшесі, 56 мекенжайы бойынша орналасқан «Магнум» сауда орталығынан ала алады.