СҚО-да 20-ға жуық кәсіпкер сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда жазасын өтеп жатқандардың қолынан шыққан өнімдердің көрмесі өтті. Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған іс-шара ортақ еңбектің нәтижесі.

қолөнер
Фото: Дамир Ескендіров

СҚО-дағы түзету мекемелерінде қазіргі уақытта 17 кәсіпкер өз ісін ашқан. Бұл екі тарапқа да тиімді. Ең бастысы — жазасын өтеушілер жаңа кәсіпті меңгереді, қарызын жабу арқылы ертерек бостандыққа шығуға мүмкіндік бар. 

киім-кешек
Фото: Дамир Ескендіров

«Кәсіпкерлер палатасы мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті арасында бұрыннан әріптестік бар, ортақ жұмысты атқарып жатырмыз. Өңірдегі түзету мекемелерін аралап шығып, өндіріске жарайтын орындарды көрдік. Соңғы екі жылда біз жазасын өтеп жатқан әйелдерді оқыттық, ерлер колониясында өндірісті ұйымдастырдық. Бүгін соның нәтижесі осы көрмеге қойылды», — дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Самаратова.

ер тоқым
Фото: Дамир Ескендіров

СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Виталий Алексеевтің айтуынша, түзету мекемелерінде қазіргі уақытта ағаштан, темірден, теріден түрлі бұйымдар жасалады. Тігін цехтары да ашылған. Нан-тоқаш өнімдері пісіріледі. Нәтижесінде 620 сотталған жұмыспен қамтылып, орташа айлық еңбекақы алады.

киім-кешек
Фото: Дамир Ескендіров

«Әйелдер колониясында тігін цехын аштым. Артықшылығы көп. Сотталғандар арасынан жұмысқа ынтасы барларды алып, тігіншілікке үйреттік. Қазір төсек-орын: жастық, көрпе, төсек жапқыш, төсек жинақтарын тігеміз. Бағасы нарықтағыдан төмен, қолжетімді. Сондай-ақ киім-кешек тігеміз. Дамып келе жатырмыз, өнімімізге сұраныс бар. Қыздар да жақсы тәжірибе жинап алды. Тігілген өнімнің сапасы да жоғары. Өндірісті ұлғайтқымыз келеді. Сол себепті желтоқсан айында Нью-Йорк қаласына үш айға оқуға барамыз. Мақсат — тәжірибе алу, білімді молайту, шетелдегі кәсіпорындардың жұмысымен танысу, кейін оның бәрін өзімізде қолдану», — дейді жеке кәсіпкер Айсұлу Мұрзанова.

кеме
Фото: Дамир Ескендіров

Естеріңізге салайық, қазан айының басында СҚО-дағы ерлер колониясында еш жерде баламасы жоқ екі қабатты тігін цехы ашылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар