СҚО-да 200 полицейге сыбайлас жемқорлық туралы дәріс оқылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы облыстық ақпараттық-насихат штабының өкілдері қалалық полиция басқармасы басшылығы және жеке құрам алдында дәріс оқып, оларды сыйлықтардан бас тартуға, елге адал қызмет етуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО ақпараттық-насихат штабы өкілдерінің пікірінше, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әсіресе басшылық құрам өздерінің күнделікті іс-әрекетімен халыққа адал қызмет етуде үлгі көрсетуі қажет.
«Мемлекеттік органдардың басшылық құрамы өздеріне артылған жауапкершілікті түсініп, күнделікті жұмысында басқаларға үлгі көрсетуі тиіс. Сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында қолға алынған агенттіктің бастамасын Мемлекет басшысы қолдады. Бұдан былай қол астындағы қызметкерлері бармақ бастылық, көз қыстылыққа жол берген жағдайда барлық деңгейдегі басшылары жауап береді», - деп атап өтті штаб жетекшісі Жангелді Тәжин.
Петропавл қалалық полиция басқармасының жеке құрамымен кездесу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті инспекторы Светлана Зайцева сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа саясат жайында және іске асып жатқан жобалар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шаралары күшейтілген. Сондай-ақ пара алғандарға жүктелетін жауапкершілікті де тағы бір мәрте еске салды.
«Біз ешкімге ештеңе сыйламауға және ешкімнен сыйлық алмауға кеңес береміз. Қызмет барысында көмектесіп, кейін азаматтың алғыс ретінде сыйлық әкелетін кездері болады. Алайда олар жауапкершілікті ұмытады. Өйткені берушіге де, сыйлықты алушыға да жаза қарастырылған. Егер құны екі АЕК төмен болса – әкімшілік, одан жоғары болса – қылмыстық жаза қолданылады. Салынатын айыппұлдың мөлшері де жоғары», - деді Светлана Зайцева.