17:20, 05 Қаңтар 2016 | GMT +5
СҚО-да 2015 жылы үш ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылып келеді. 2015 жылы аймақтың үш ауылына су өткізілді. Бұл туралы СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев ақпараттандырды.

«Биылғы жылы үш ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталды. Бұл Есіл ауданындағы Горное ауылы, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Раздольное ауылы және Тайынша ауданындағы бір ауыл. «Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында онда су бұрғыштар, тарату желілері салынып, су сырттан үйге кіргізілген. Сондай-ақ 2015 жылы Петропавлда «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында екі жоба іске асырылды: қалалық су арнасынан бастап қалалық әкімдікке дейін сорғы стансасының магистралдық су таратқышының құрылысы және Алтынсарин көшесіндегі су таратқыштың қалпына келтірілуі», - деді А.Федяев.