СҚО-да 2016 жылы сумен жабдықтау желілерінің құрылысына 20 млрд теңге бағыттайды (ФОТО)

Соның 7,6 млрд. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінбек.
Бұл туралы ел Президенті жанындағы ОКҚ СҚО филиалында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко мәлім етті.
«2016 жылы сумен жабдықтау және су тарту желілерінің құрылысы мен оларды қалыпқа келтіруге 20 млрд.теңге бағыттау көзделіп отыр. Соның 7,6 млрд. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінеді. Олардың 1,4 млрд.теңгесі жылу-сумен жабдықтау және су тарту жүйелерінің құрылысы мен оларды қалыпқа келтіруге арналады. Халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарту бойынша Елбасының тапсырмасы аясында әкімдік пен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында келісімге қол қойылды. Ағымдағы жылы жоба бойынша шарт жасасу көзделген. Қарыз сомасы 2,2 млрд. теңгені құрайды», - деді В. Бубенко. Қалалық сумен қамту аясында Тайынша қаласында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы мен оны қалыпқа келтіруге 403 млн. теңге қарастырылған. Елді мекенді сумен қамтамасыз ету бағытында «Уәлиханов ауданындағы Чехово - Кішкене көл су таратқышын қалыпқа келтіру» жобасы бойынша 43 млн.теңге бөлу жоспарланған. «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін Петропавл қаласындағы кәріздік тазарту құрылысын жаңғыртуға 1,4 млрд теңге қарастырылды. Сонымен қатар, 2016 жылы су құбырларын қалыпқа келтіруді жалғастыру үшін АШМ Су ресурстары комитеті арқылы Ислам даму банкінен 10,6 млрд. теңге көлемінде қарыз алу жоспарланған.