СҚО-да 209 мың га бос жерді қайтару үшін 40 шаруашылық сотқа берілді
Солтүстік Қазақстан облысында биыл жоспар бойынша 300 мың гектар бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс болса, соның соның 221 мың гектары қайтарылды. Шаруашылықтарға жалпы сомасы 2,1 млн теңге болатын 25 айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы жанынан құрылған «Жер аманаты» және партиялық бақылау комиссияларының кезекті отырысы өтті.
СҚО Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіштің айтуынша, биыл 51,3 мың гектар алқап тексерілген. Соның 44 мың гектары бойынша заңбұзушылықтар анықталып отыр. Яғни бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлер анықталған. Шара қолдану – 20 еселенген салықты төлету үшін СҚО мемлекеттік кірістер департаментіне 28 ұсыным жіберілген.
«Жалпы сомасы 2,1 млн теңге болатын 25 айыппұл салынып, 1,8 млн теңге өндіріліп алынды. 24,5 мың га алқаптың заңды бұза отырып берілгендігі анықталды. Сотта жер учаскелерін жалға беру шарттарын заңсыз деп тану бойынша 44 талап арыз қаралып жатыр. Бұдан басқа 40 шаруашылықтан бос жатқан 209,5 мың гектар жерді мәжбүрлі түрде қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Іс сотта қаралуда», - дейді Бақытжан Бекіш.
Биыл жоспар бойынша СҚО-да 300 мың гектар алқап қайтарылуы тиіс. Атқарылған жұмыстың арқасында 220,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті.
Мәселен Уәлиханов ауданында ғана 93,1 мың гектар жер қайтарылған.
«Халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін соңғы 3 жылда жалпы ауданы 10 мың гектарға жуық жер берілді, оның 8 мың гектарға жуығы жайылым. Нәтижесінде, Бидайық, Өндіріс, Жамбыл, Қайрат, Ақбұлақ, Қарашілік, Кішкенекөл ауылдарының малдарына жайылым бар. Аудандағы шаруашылықтар мал жаю және жем дайындауы үшін 12 мың гектарға меморандумдар жасалды», - дейді Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Дархан Бейсенбин.