СҚО-да 2,1 мың су айдынының тек жүз шақтысы ғана ресми тіркелген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында шаруалар су қорғау аймақтары мен белдеулерінің әлі күнге толық рәсімделмегенін айтады.
Өңір кәсіпкерлері бизнеске кедергі келтіріп отырған негізгі проблемаларды көтерді. Соның бірі — облыстағы су айдындарына қатысты. Су қорғау аймақтарының мәртебесі әлі күнге дейін ресми бекітілмеген. Бұл жүздеген шаруашылықтың жұмысына қатер төндіріп отыр.
Өңірдегі 2100-ден астам су айдынының тек 92-сі ғана ресми түрде су қорғау аймағы ретінде рәсімделген. Шаруалар өзен-көлдерден 500 метр аумақта орналасқан 600-ден артық жер телімін иеленген. Бірақ бұл су айдындары әкімдіктің тиісті қаулысында көрсетілмеген. Соның салдарынан жерді пайдаланушылар кез келген уақытта учаскесінен айырылып қалуы мүмкін. Бұл ондаған жыл бойы шаруашылықтарын дамытып, несие алып, қомақты қаражат құйған фермерлер үшін үлкен тәуекел.
— Біз жылдар бойы бұл жерде шаруашылықты дамытып, мал санын арттырып келеміз. Мемлекет оны ресми түрде берген, су қорғау аймақтарының шекаралары актілерде нақты көрсетілген. Алайда ескі қаулыдағы техникалық олқылықтарға байланысты қазір біздің заңды құқығымыз күмән тудыруы мүмкін.
Бұл мәселе жүздеген шаруашылықтың, біздің қызметкерлердің тағдырына тікелей әсер етеді. Бізге нақты шешім қажет: су қорғау аймақтарын белгілеу, оларды құжатқа енгізу және адал еңбек етіп инвестиция салған жер пайдаланушылардың құқықтарын заңды түрде бекіту, — деді «Григорьева Е.В.» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Айдос Кеңбейілов.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі қоршаған ортаны қорғау іс-шаралар жоспарына 11 аудан мен Петропавл аумағындағы су айдындарының су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобаларын әзірлеу енгізілген.
2026-2027 жылдары 102 су айдыны бойынша тиісті жұмыс жүргізілмек.
Бұған дейін Жамбыл облысында кәсіпкерлерге 290 млрд теңге несие берілгенін жазған едік.